«Едіге» жыры әлемдік өркениеттің музыкалық мұрасына қосылуы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Ұлттық академиялық кітапханада «Ер Едіге - Ноғайлы дәуірінің жыры» атты ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімдігі ұйымдастырған халықаралық жиында «Едіге» тұлғасының түркі әлеміндегі орны мен маңызы талқыланды.

«Ер Едіге – қазақ халқының ғана емес, көптеген түркі халықтарының есінде ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ең қадірлі, ең құрметті, ең көп тараған жырлардың бірі. Едіге би – тарихта болған адам. Ноғай ордасы құрылған кезде осы орданың билеушісін хан емес, би деп атаған. Биден кейінгі тұлғаның аты - Нұрадын болған. Нұрадыннан кейінгі лауазым – Кейқуат болған. Кейін осылардың барлығы елдің санасында түрлі дастандар, жырлар ретінде қалып отырған. Сөйтіп, халықтың оларға деген құрметі көптеген мифтік сарындармен, фольклорлық жүйелермен, әсірелеумен үлкен дастандарға айналып отырған. Бірақ бәрінің түп қазығы – Ноғай ордасының ұлыс биі Едіге және оның ұрпақтары болып есептеледі.

Алдағы уақытта ер Едіге мен оның тікелей ұрпақтарына қатысты жырларды бөлек дербес жинақ етіп шығару керек. Және Қырымның қырық батырларына кіретін жеке батырларды жеке жинақтасақ, жүзге жуық батырдың өмір тарихы, дастандары шыға келейін деп отыр. Олардың классикалық нұсқаларын орыс тіліне, қажет жағдайда ағылшын тіліне де аударып бастыратын заман келді. Өйткені, ХХІ ғасырдағы қазақтардың ұрпағы ұлы бабаларының батырлық рухында тәрбиеленуі керек. Қазақстандық патриотизм осындай жобалардан басталады», - деді ҚР Парламенті Сенатының Мұхтар Құл-Мұхаммед конференцияның ашылу салтанатында.

Сонымен бірге, атақты жырау, Қазақ ұлттық университетінің профессоры Алмасбек Алматов «Ер Едіге - Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомын қалай шығарылғаны туралы айтып берді.

«Бұл альбом – көп уақыт ізденістің нәтижесінде, жан-жақты зерттеліп барып қолға алынған күрделі жұмыс болды. Себебі «Ер Едіге», «Қырымның қырық батыры» дастандары кітап күйінде том-том болып сөреде тұратын. Жыршы-жырауларымыз оны жырлауға дайын болмады. Сондықтан, 1998 жылы «Дәстүрі өнер, жыр» мамандығының мемлекеттік сандарты жасалып, ЖОО-да арнайы мамандық ретінде ашылды. Бүгінгі таңда оны бітірген мамандардың алды Өнертану ғылымдарының кандидаты, Педагогика ғылымдарының кандидаты болып, жоғары дәрежеге жетті. Қазіргі таңда аға буын жыраулар ішінде Жиенбай жыраудың немересі Бидас Рүстембековтің жасы 70-ке таяды. Орта буындар 30-40 жас шамасында, ал соңғы орындаушыларымыз – 18-20 жастағы студенттер. Демек, дәстүрлі өнер мамандығының ЖОО-да оқытыуы, кәсіби маман ретінде әзірленуі – 550-ден астам батырлық жырымызды халыққа рухани байлық негізінде ұсынуға дайын деген сөз.

Моңғолияда 13-ғасырда жазылған «Жаңғыр» жыры 14 мың жол екен. Соған Ұланбатырға оныншы симпозиум шақырып отыр. Түркияның Болу қаласында Көрғұлы эпосының 12-ші симпозиумы өтіпті. Ал бізде 550-ден астам эпос бар деп отырмыз. Оның әрқайсысына қаншалықты деңгейде ғалымдар керек, оның рухани кеңістікке шығуы үшін жасалатын істер алдымызда тұр. Бүгінде 10 күйтабаққа көшірілген жыр технологиялық жабдықтармен қаруланып, электронды оқу құралдарымен, қала берді әлемдік өркениеттің музыкалық мұрасына қосылатындай жағдай жасалуы керек», - дейді Алмасбек Алматов.

Өз кезегінде Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бүгінгі шараның Тәуелсіздік мерекесіне арналуының маңызы зор екенін айтты.

«Себебі Едіге» жыры – репрессияға ұшыраған, тәуелсіздік арқылы ғана бізбен қауышқан тағдырлы жыр деуге болады. «Едігеге», татардың, ноғайдың, қарақалпақтың «Едіге» жырларына да Мәскеу ресми түрде тыйым салған. Тіпті қарақалпақтың атақты Ерболат жырауы 1938 жылы 76 жасында «Едігені» айтқаны үшін азаптап өлтірілді. Ал 1947 жылы сол кездегі Қазақстан басшылығы да өрескел қателіктер жөнінде арнайы қаулысы шыққан. Сол үшін «Едіге» шаң басып архивтерде қалған. Әрине, «Едіге» туралы Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев сынды ғалымдар айтқан. Бірақ, оның ұлтпен қауышуы тәуелсіздігік арқылы ғана мүмкін болды. Бұл жұмыстың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналуында үлкен символикалық мәні бар», - деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.

Айта кетейік, конференцияға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар-дың, белгілі ғалымдар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, ақын-жазушылар, атақты жыршы-жырауларымыз, өлкетанушылар, «Едіге», «Қазақ эпос» қоғамдық қорларының және БАҚ өкілдері қатысты.

Айта кетейік, конференция барысында «Ер Едіге - Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомы шығарылды. Жинаққа «Едіге батыр» эпосы, Мұрын жырау нұсқасындағы «Қырымның қырық батыры» және «Қарасай-Қази» дастаны (Қайролла Иманғалиев нұсқасы), және басқа да ел арасында кеңінен жырланып жүрген көлемді дастандар енген. Жалпы саны 40-тан астам жыршыдан 60 сағаттық жыр жазып алынған.


Соңғы жаңалықтар