АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы сайлау учаскелерінде түске дейін өрескел заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Бұл туралы байқаушылар мектебінің жетекшісі Александр Братенков брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің сөзінше, сайлау учаскелерінде өрескел заңбұзушылықтар тіркелген жоқ.
«Алатау ауданында орналасқан сайлау учаскелерінің бірінде еден жуушы бір заттарын тастап кетіпті. Оны бір адамдар бюллетень деп ойлаған. Ал Алмалы ауданындағы № 74-ші сайлау учаскесінде сенімді өкіл кандидаттардың бірінің пайдасына жасырын үгіт жүргізіп жатқаны белгілі болды. Негізі сайлау учаскелеріне айтарлықтай өрескел заңбұзушылық анықталған жоқ», - дейді Александр Братенков.
Айтуынша, Алматыда сайлауға мониторинг жүргізу үшін байқаушылар мектебі 1723 адамды дайындады.
Байқаушылар миссиясы – әділ және ашық сайлау өткізуге кедергі келтіретін кез келген құқық бұзушылықты бақылау, түзету және алдын алу.
«Сайлау тек кандидаттарға, дауыс берушілерге ғана емес, тәуелсіз байқаушыларға да жауапкершілік жүктейді. Мен және әріптестерім тәуелсіз байқаушыларды таңдап, оқыттық. Тәуелсіз байқаушылардың құрамына әртүрлі адамдар кірді. Олар – жастар, егде жастағы адамдар және әртүрлі әлеуметтік топ өкілдері», - дейді ол.
Оның айтуынша, Алматыда сайлауды бақылау бойынша 8 қоғамдық ұйым аккредитациядан өтті.
«Байқаушылардың бәрі бірдей сайлау процесін сауатты және білікті түрде бақылай алмайды. Міне сол себепті, Алматыда «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының бастамасымен байқаушылар мектебі құрылды – бұл республикалық қоғамдық бірлестік», - деп бөлісті спикер.
Байқаушылар мектебінің тренері Сәуле Алпысованың айтуынша, оларды дайындау барысында ақпарат кеңістігі мен әлеуметтік желідегі жұмысқа ерекше көңіл бөлінді.
«Ақпаратпен жұмыс істеу, атап айтқанда ақпаратты дұрыс жеткізу және әлеуметтік желілерде жұмыс істеу бойынша тренинг өткіздім. Ақпаратпен тек журналистер ғана емес, байқаушылар да жазып, жұмыс істей білуі керек», - деді ол.