Эбола вирусы Қазақстанға инкубациялық кезеңде өтіп кетуі мүмкін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда санитар-эпидемиолог мамандар Эбола жұқпалы дертіне қарсы Қазақстанда жасалып жатқан қауіпсіздік шаралары жайлы айтып берді. Елде қауіпті індетке қарсы әрекет етудің қатаң регламенті қалыптасты. Алайда, мамандар Эбола вирусын жаңадан жұқтырған адам 21 күн ішінде Қазақстанға келсе, бұл індет елге қадағалаусыз кіріп кетуі мүмкін дейді.

«Эбола вирусының инкубациялық кезеңі 21 күнді құрайды. Бұл уақыт аралығында адамда ешқандай клиникалық белгі болмауы мүмкін. Сондықтан, осындай оқыс жағдайларға біз дайын болуымыз керек», - деді Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Әлім Айқымбаев.

Оның айтуынша, қазір елімізде аталған дертке қарсы қауіпсіздік шаралары қолға алынған.

«Біздің әуежайларымыз сапалы техникамен жабдықталған. Қызуы көтерілген жолаушыларды скринингтік тексеруден өткізеді. Қазақстан халықаралық қауымдастықпен тығыз байланыста. Миграциялық жолды жоққа шығаруға болмайды. Қазақстанда Батыс Африкадан тікелей қатынайтын рейс жоқ болса да, науқас адам Еуропа арқылы транзитпен келуі мүмкін», - деді Ә.Айқымбаев.

Еліміздің бас санитарының қаулысына сай Қазақстанда 1 деңгейлі патогенді бактериялармен жұмыс жасайтын зертханалар да жедел әрекетке дайын.

Батыс Африкада бұрқ еткен Эбола безгегі осы уақытқа дейін 5 мың адамның өмірін жалмап үлгерді. Әлемде 13700 адам осы дертпен күресуде.

Ауру алғаш рет Эбола өзені (Конго, Заир) ауданында тіркелген. Өлген науқастың бірінің қанынан қоздырғышы анықталған. Аталған инфекцияның көтерілуі 1976-1979 жж. Заирде және Суданда, 1994-1995 ж. Заирде, 1996 ж. Габонда тіркелген. Эбола вирусы ауру жануарлардың ағзасымен, қанымен, және басқа сұйықтықтарымен тікелей қатынаста болған адамдарға беріледі. Африкада жұқпаны жұқтырған шимпанзе, гориллалар, жарқанаттар, орман бұландары және жабайы кірпішешендермен қатынаста болған адамдардың жұқтырған жағдайлары ресми түрде тіркелген.

Соңғы жаңалықтар