ЕАЭО Үкімет басшылары Минскіде кездеседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары Беларусь елінде кездеседі. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«27 қарашада Минск қаласында Үкімет басшылары деңгейінде Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы өтеді. Отырыстың күн тәртібі шағын және кеңейтілген құрамда қаралатын 23 тармақты қамтиды.  Отырыс барысында Еуразиялық экономикалық одағы аясындағы интеграциялық өзара іс-қимылдың бірқатар көкейкесті мәселесі қаралмақ. Үкімет басшылары қол жеткен уағдаластықтардың аралық нәтижелерін қорытындылап, ЕАЭО-ның одан әрі жұмыс бағыттарын белгілейді», - деді ол.

Сонымен қатар оның айтуынша, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауданы кеңейту, ішкі нарықтың жұмыс істеуіне кедергі келтіретін тосқауылдарды жою, сондай-ақ экономиканың жекелеген салаларындағы интеграциялық әлеуетін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Үкіметаралық кеңестің мүшелері Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешімдерінің жобаларын, Еуразиялық жобаның 25 жылдығы мен ЕАЭО туралы шарттың 5 жылдығын тойлау жөніндегі іс-шаралардың бағдарламаларын, сондай-ақ электр қозғалтқышы бар көлік құралдары өндірісін қамтамасыз ету мен ынталандыру және қолдану жөніндегі іс-шаралар бағдарламасын бекітетіні жоспарланған.

«Үкімет басшылары өзара саудадағы тосқауылдарды жоюға, тарифтік жеңілдіктерді қолдануға қатысты тапсырмаларды іске асыру барысын қарауға ерекше назар аударады», - деді Айбек Смадияров.

Соңғы жаңалықтар