ЕАЭО: Серік Жұманғарин тауарға шектеу енгізу кезінде ережені сақтауға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) бәсекелестік бойынша Алқа мүшесі (министрі) Серік Жұманғарин ЕАЭО-дағы қадағалаушы органдарды қандайда бір тауарға шектеу енгізу кезінде барлық рәсімдер мен ережені сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көбіне санитарлық, ветеринарлық және карантиндік фитосанитарлық шаралармен айналысатын мекемелер тауарлардың сапасын қадағалайтын орган қызметін атқармайды. Олар көп жағдайда нарықта формалды немесе формалды емес реттеушіге айналады. Әрине, осындай жағдайға жол бермеу керек. Себебі барлығы түсінікті болуы тиіс. Сәйкесінше, нарықтағы тәртіп ашық болуы шарт», - деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар ЕЭК Алқа Мүшесі Қазақстанда қандай да бір тауарды саудалауға тыйым салуды енгізу мәселесіне тоқталды.

«Қандай да бір тауарға тыйым салу, уақытша шектеулерді, күшейтілген қадағалауды енгізу мәселесіне тоқталсақ, бұл тұрғыда әрбір жағдайда тыңғылықты тексеру керек. Себебі бұл процестер айтарлықтай күрделі. Жақында біз қазақстандық тарапқа қатысты мәселені Алқада қарастырдық. Атап айтқанда, ресейлік өнімге қатысты енгізілген шектеу өте дұрыс болды. Алайда, тиісті тәртіптің рәсімдері орындалмаған. Негізі, тараптар мен барша одақты тиісті түрде хабардар етуі керек еді. Нәтижесінде, осы шектеу шараларын жоюға мәжбүр болдық. Белгіленген тәртіп бойынша мәселені қарастырып, шектеуді енгізу керек, яғни бұған ешкім де тыйым салмайды. Себебі сапасыз өнім нарықтарға жеткізілмеуі тиіс», - деді Серік Жұманғарин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік бойынша Алқа мүшесі (министрі) Серік Жұманғарин ЕАЭО аясында сауда ережелерін бұзғандар туралы айтып берді.

Сонымен қатар ол кәсіпкерлер үшін біраз кедергілер бар екенін және олардың жартысы – заңды, жартысы заңсыз екенін атап өтті.

«Заңсыз кедергілермен қалай күресуге болады? Бұл тұрғыда арыз жазу керек. Осы орайда бұл шағымдар қаралып, комиссияға шығарылады. Кедергі жасап отырған мемлекетке қатысты шешім қабылданады. Бұл шешімді олар үш айдың ішінде орындауы тиіс. Ал орындамаса, кеңестің қарауына ұсынамыз, мәселе жоғары деңгейде талқыланады», - деді С. Жұманғарин.



Соңғы жаңалықтар