ЕАЭО өзін толығымен азық-түлікпен, энергиямен қамтамасыз ету әлеуетіне ие - Н. Назарбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ өзін толығымен азық-түлікпен, энергиямен қамтамасыз ету әлеуетіне ие. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою салтанатынан кейінгі мәлімдемесінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.

«Еуразиялық интеграцияны дамыта отырып, біз заңды экономикалық кезеңдерді өткердік: еркін сауда аумағы құрылды, Кеден одағы қызмет етті, Бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптасты. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қоя отырып, біз енді бүгінгі әлемдегі ең ірі интеграциялық бірлестікті заңды түрде рәсімдедік», - деді Н. Назарбаев. Бұл ретте Елбасы бірлестік халқының 170 млн. адамды құрап, әлемде 7-орынға шығатынын алға тартты. «Бірлестік Жер шарындағы ең ірі тұтыну нарығының біріне айналып отыр. Оған қатысушы мемлекеттердің үлесіне әлемдегі барлық барланған пайдалы қазбалардың төрттен бірі тиеді және бүгінгі бағалаумен олардың құны 40 триллион долларға жетеді. Біздің интеграциялық бірлестік әлемдегі ең көлемді энергоресурстардың, ал соңғы жылдары азықтық бидайдың экспорттаушысына айналып отыр. Одақ өзін-өзі толығымен азық-түлікпен, энергиямен қамтамасыз ету әлеуетіне де ие», - деді Елбасы. «Біз мемлекеттердің тәуелсіздігіне кепіл болатын негізгі ресурстармен өзімізді өзіміз толық қамтамасыз ете аламыз. Осылайша, бүгінгі күні ХХІ ғасырдағы геоэкономикалық жаңа бірлестік дүниеге келді», - дей келе Н. Назарбаев, ондай одақтың қажырлы еңбек арқасында құрылғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар