ЕАЭО отандық өнеркәсіп саласының тамырына қан жүгіртіп, тың инновацияларды кеңінен игеруге мүмкіндік береді - Д.Өскенбаев.

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ отандық өнеркәсіп саласының тамырына қан жүгіртіп, тың инновацияларды кеңінен игеруге мүмкіндік береді. Бұл туралы Ақмола облысындағы ірі машина жасау зауыты "Тыныс" акционерлік қоғамында болғанымызда кәсіпорын бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Дулат Өскенбаев мәлім етті.

Д.Өскенбаевтың айтуынша, облыс бюджетіне қомақты қаржы салып жүрген зауыттың негізгі бағыты - авиация техникасының түйіншек және агрегаттарын шығару. Сондай-ақ, "Қазақстан Темір Жолы" АҚ қажетті түрлі ұсақ детальдар мен полиэтиленді құбырлар, өрт сөндіру құралдарын да шығарумен айналысады. Экспорт үлесі өндірістің жалпы көлемінің 50 пайызын құрайды. Биыл зауытта геотикстильді өнім шығаратын жаңа желіні іске қосуды жоспарлап отыр. Мұндағы шикізат негізінен Қытай елінен әкелінбек. Сондықтан, Еуразиялық экономикалық одақ аясында осындай сауда экономикалық байланыста баж салығы сияқты жеңілдіктер қол жеткізуге болады.

"Қазіргі кезде зауыттан шыққан әскери авиациялық өнімдермен қатар, бейбіт өмірде қолданылатын елімізде теңдесі жоқ, диаметрі 10-1000 миллиметрлік полиэтилен құбырларын Ресейден бастап, Украина, Беларусь, Өзбекстан сияқты елдер тұтынуда. Ал Еуразиялық экономикалық одақ отандық өнеркәсіп саласының тамырына қан жүгіртіп, тың инновацияларды кеңінен игеруге мүмкіндік береді", - дейді Д.Өскенбаев.

Еске сала кетсек, әскери авиацияға қосалқы бөлшектер, полиэтилен құбырлар шығарумен танымал бұл зауытта бүгінде 600-ге жуық адам жұмыс істейді. Кеңес үкіметінің ыдырағанына 20 жыл болса да, ғылыми техникасы алға қарыштап дамыған, көрші Ресейдің кез келген ұшақтары мен тікұшақтары осы зауыт шығаратын қосалқы бөлшектерді пайдаланады. Нарық талабына сай бейімделіп, бәсекелестікке қабілетті сапалы өнім шығаруды жолға қойған облысымыздағы іргелі кәсіпорын басшылары Еуразиялық экономикалық одақ отандық өндірістің шетелмен алыс-берісін жақсартады деп отыр.

Соңғы жаңалықтар