ЕАЭО өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,5 трлн долларға жетті - Әлихан Смайылов

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 2022 жылы ЕАЭО өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,5 трлн долларға жетті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Премьер-Министрі 2022 жылы ЕАЭО өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,5 трлн долларға жеткенін атап өтті. Оның ішінде Қазақстанда 1,1 пайыз өсіммен 100 млрд долларды құрады. ЕАЭО ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісі де артып келеді. 2022 жылы өндіріс 5%-ға артты. Бұл ретте ең үлкен өсім біздің елде байқалады- 9 пайыз.

«Алайда бұл көрсеткіштер Еуразиялық экономикалық одақтың нақты әлеуетіне сәйкес келмейді. Еуразиялық интеграцияның мүмкіндіктері толық пайдаланылмай жатыр деп есептеймін. Біз шараны іс жүзінде жүзеге асыруға, ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына және ЕАЭО туралы келісімге барынша шоғырлануымыз керек. Бұл, ең алдымен, өзара саудадағы кедергілерді жою», - деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов кедергілерді жоюдағы оң динамикаға қарамастан, ішкі шекараларда кедендік бақылау элементтері әлі де бар екенін атап өтті.

«Іс жүзінде мемлекеттік сатып алуда ұлттық режим жоқ, санитарлық, ветеринариялық шектеулер және тағы басқалары кеңінен қолданылып жатыр. Мұның барлығы біздің елдеріміздің бизнесіне ЕАЭО артықшылықтарын толық пайдалануға мүмкіндік бермейді», - деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде үздіксіз сауда ағынын қалыптастыру да басым бағыт болуы тиіс.


Соңғы жаңалықтар