ЕАЭО-ның бірыңғай қызмет көрсету нарығына кім шыға алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай қызмет көрсету нарығын дамыту мәселесі талқыланды. Осыған орай, арнайы жұмыс тобының алғашқы отырысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ЕАЭО коллегияның мүшесі, экономика және қаржы саясаты жөніндегі министр Тимур Жақсылықовтың айтуынша, бүгінде қызмет көрсету саласы одаққа мүше мемлекеттерде ішкі жалпы өнімнің 55 процентін алып отыр. Ал кейбір елдерде оның көрсеткіші 60 процентке жақындады. «2015 жылдан бастап қызмет көрсетудің 43 секторы ортақ нарыққа жатады. Соңғы саммиттен кейін қосымша 9 қызмет қосылды. 2020 жылға дейін тағы 9 сектор бірыңғай қызмет көрсету нарығына енетін болады», - деді Т.Жақсылықов журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, бірыңғай қызмет көрсету нарығында бизнесмендер қосымша құжат жинамайды. Өз елінде алған рұқсат қағаздарымен жұмыс істей береді. Одаққа мүше елдерде заңды тұлға ретінде тіркелудің де қажеті жоқ. Сосын қызмет көрсетушіге қосымша кәсіби талаптар қойылмайды. «Ал белгілі бір елдің ішінде жаңа бір реттеу жүйесі енгізілсе, ол талаптар барлығына бірдей болуы қажет. Жалпы, бүгінде туристік сала, консалтинг, жарнама, құрылыс, ғылыми-зерттеу үшін қызмет көрсету нарығы кеңейіп отыр. Әрине, ондайда қызметтердің сапасы көтеріледі. Өйткені бәсеке қыза түседі», - деп атап көрсетті Т.Жақсылықов. 

Айта кетейік, Т.Жақсылықов жұмыс тобының бүгінгі отырысына төрағалық етті. Отырыс барысында одаққа мүше елдердің өкілдері қызмет көрсетудің бірыңғай нарығына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Соңғы жаңалықтар