ЕАЭО министрі Жақсылықов бизнесмендерге кеңес берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЕАЭО коллегиясының мүшесі, экономика және қаржы саясаты жөніндегі министр Тимур Жақсылықов отандық бизнесмендермен кездесіп, одақ аясындағы әкімшілік кедергілерді талқылады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақты құрудың алдында барлық мемлекеттер аталған бастаманы оп-оңай іске асыра алады деп ойлады. Кеден мен салықты реттеп алғаннан кейін одақ ішіндегі тауарлар ешбір кедергісіз айналымға түседі деген түсінік болды. Алайда, шын мәнінде, олай емес болып шықты. Негізгі тоқсауылдарды алып тастаса да, жергілікті жерде әкімшілік кедергілер жойылған жоқ. Ал атқарушы органдардың кейбір нормативтік актілері жалпыға бірдей келісімдерге қарама-қайшы болып жатады.

«Біз үшін кері байланыстың болғаны қажет. Жоғарыда қабылданатын шешімдер жергілікті жерде қалай іске асып жатыр? Соны біліп отыруымыз қажет. Онсыз нақты қай бағытта жұмыс істеу қажеттігін анықтай алмаймыз. Негізі, бүгінде комиссия өз шешімдердің жобаларын алдымен талқыға шығарып отырады. Оған бизнесмендер де қатыса алады. Аталған меxанизм үш жыл бұрын іске қосылды. Соның арқасында әкімшілік кедергілерге қатысты мәселелерді барынша ескеруге мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, бизнес дер кезінде үн қоспайды. Шешім жобасында артық процедуралар мен қосымша шығындар енгізілсе де, кәсіпкерлер үндемей жатады», - деді Т.Жақсылықов Астанада өткен кездесуде.

Оның сөзіне қарағанда, комиссияның шешімдеріне қатысты бір парадокс бар. Белгілі бір жобаға артық процедуралар мен қосымша шығындар енгізілсе, бизнесмендер ол жайында білмей жүреді. Артынан ЕАЭО-тың кәсіпкерлік департаменті оларға xабарлап жатады. «Негізі, шешім қабылданбай тұрып, бизнесмендер өз ескертулерін жасап, қарсылықтарын білдіруі керек. Себебі біз ол шешімді әзірлегендерге нақты фактілерді ұсынуымыз қажет. Кәсіпкерлер ол ақпаратты бермесе, комиссияның шешімін өзгерту қиын. Сондықтан бизнесмендерге айтарым, Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтын үнемі бақылап, комиссияның барлық шешімдеріне қатысты ескертулер мен ұсыныстарды жолдап отырыңыздар. «Атамекен» палатасы да осы жұмысты үйлестіріп, барлық ұсыныстарды ертерек жіберіп отырса, жақсы болатын еді. Әйтпесе, қандай да бір шешім коллегияның соңғы отырысында талқыланғанда өзгерістер мен түзетулерді енгізген оңай емес», - деп атап көрсетті Т.Жақсылықов.


Фото: strategy2050.kz

Соңғы жаңалықтар