ЕАЭО мен Еуроодақтың ынтымақтастығы Алланың қалауымен болды - Н. Назарбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЕАЭО пен Еуроодақтың ынтымақтастығын Алланың өзі қалап отыр. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» арнасындағы «Назарбаевпен ең бастылар жайлы...» деректі сұхбатында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы Қазақстанның басымдығына тоқталды.

«Қазір Еуразиялық экономикалық одақ аясында бәрі жақсы деуге болмайды, жалпы сауда түсіп кетті. Алайда, бұның болуы заңдылық. Соған қарап, сұмдықтың бәрін Одақтың басына үйіруге болмайды. Өйткені, жағдай сондай. Біз бұндай қатерлер болатынын айтпап па едік? Бұндай жағдайдың болу себебі баға құлдырады», - деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы ЕАЭО аясында жалпы сауда 15-20 пайызға төмендегендігін айтып, бұл осылай тұра бермейтінін, алда даму жанданып, сауда қайта көтерілетінін жеткізді. Өйткені, ЕАЭО аясында кәсіпорындар өзара әрекеттестік жасауда, жұмыс күші мен технологиялар да алмасылып жатыр.

«Мен сәуегейлік жасағым келмейді, бірақ біздің Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ міндетті түрде ынтымақтасатынына әбден сенімдімін. Бұл Алланың қалауымен болады. Бүгінгі кедергілер, санкциялар бұлардың бәрі артта қалады. Еуразиялық экономикалық одақтың өзі Еуропа үшін қажеттілікке айналады. Ресейдің экономикасы да Еуропа үшін маңызды болады. Соның нәтижесінде үлкен ынтымақтастық міндетті түрде орын алады. Қазірдің өзінде Еуропада ЕАЭО-пен еркін сауда туралы ниет білдірушілер баршылық», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Президент «Жібек жолы-экономикалық белдеуі» идеясын алға тарта отырып, осының өзі еуразиялық интеграция екенін атап өтті. «Біз осы экономикалық белдеу арқылы Еуропаға шыққымыз келеді емес пе? Біз осыны «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы арқылы, теміржолдар арқылы, Каспий теңізі арқылы істеп жатырмыз. Осының бәрі Тынық мұхиты мен Атлант мұхитына дейінгі аралықта өмір сүретін халықтар мүддесі үшін атқарылып жатқан қадамдар. Егер экономикалық интеграция болса, онда бейбітшілік те болады. Яғни, Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақтың ынтымақтастық үдерісінен ешкім де құтыла алмайды», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар