ЕАЭО қазіргі кездегі халықаралық қатынастардағы ерекше геоэкономикалық факторға айналды - Қ.Тоқаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ қазіргі кездегі халықаралық қатынастардағы ерекше геоэкономикалық факторға айналды. Бұл туралы Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев беларустық «Столичное телевидение» (СТВ) телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Сондай-ақ Сенат спикері өзінің сұхбатында  еуразиялық ықпалдастықтың өзекті мәселелері, ДСҰ және ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастық, сондай-ақ Қазақстан мен Белорусь қатынастары туралы сөз қозғады.

Қ.Тоқаевтың пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақ қазіргі кездегі халықаралық қатынастардағы ерекше геоэкономикалық факторға айналды. Ықпалдастықтың қиындықтары туралы сауалға Сенат басшысы ықпалдастық үдерістері зор күш-жігерді және тиісті біліктілікті талап ететінін атап өтті. Мемлекет басшыларының саяси күш-жігері, ең алдымен, сауда мәселелері бойынша уағдаластықтарда негізгі рөл атқаратыны күмәнсіз екені айтылды. «Біз ауқымды өкілеттік берілген Еуразия экономикалық комиссиясын толық дәрежеде іске қосуымыз керек деп санаймын. Әзірше ол толыққанды халықаралық ұйым ретінде жұмыс істеп отырған жоқ. Комиссияның қызметіне мемлекет басшыларының да көңілдері толып отырмағаны да маған белгілі», - деді Қ.Тоқаев.

Жоғарғы палатаның басшысы ЕАЭО-ның іске кірісуінен бірден нәтиже күтуге болмайды деп санайды. «Бірақ, президенттер де, парламенттер де, әрине, біздің елдеріміздің халықтары да экономикалық және гуманитарлық салаларда өте тығыз ықпалдастықты қалайды. Күрделі геосаяси жағдайды есепке алғанда бұл негізгі мәселе», - деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Сенат Төрағасы екіжақты ынтымақтастық үшін де, аймақтық экономикалық ықпалдастықтың игілігі үшін де Қазақстан мен Беларусь президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенконың жүйелі кездесулерінің маңызды рөлін атап өтті. «Екі елдің басшылары жеке байланыстарды да, іскерлік байланыстарды да қолдап отырады, бір-біріне зор құрметпен қарайды. Біздің мемлекеттеріміздің арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін бұл өте жақсы», - деді Қ.Тоқаев.

Беларусьтің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің келешегі туралы сауалға жауап бере келіп, Төраға бұл үдеріске барынша ықпал етуге Қазақстанның ұмтылысын жеткізді.

Қ.Тоқаев Беларусьтегі парламенттік сайлау қарсаңында дауыс беруге мониторинг жүргізу мәселелері бойынша ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимыл туралы пікірімен де бөлісті. «Мен 2010 жылы Беларусь Президентін сайлауға байқау жүргізуге қатыстым, оның қалай өткені маған ұнады, сондықтан мен арнайы мәлімдеме жариялап, беларусь халқы өз таңдауын жасағаны және ол таңдауды біздің бәріміз құрметтеуміз керектігін айттым. Жалпы бізге ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастықты өрістету керек. Бұл - әмбебап ұйым. Қазақстанға қатысты айтқанда, біз үшін ол басымдыққа ие. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы аясында белсенді жұмыс істеп келеміз. ЕҚЫҰ-дағы беларусь делегациясымен тығыз әрі нәтижелі жұмыс істеуіміз керек, деп санаймын», - деп атап өтті Сенат Төрағасы. 

Соңғы жаңалықтар