ЕАЭО Қазақстанның сыртқы экономикалық қатынасын нығайтады - сарапшы пікірі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы Қазақстанның сыртқы экономикалық қатынасын нығайтуға септігін тигізеді». Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Ажар Бейсенбаева экономикалық интеграцияның ел экономикасына тигізетін тиімді ықпалы жөнінде өз пікірімен бөлісе келе осылай деді.

Ғалымның айтуынша, ЕАЭО-ның Қазақстан экономикасына тигізер бірнеше тиімді ықпалы бар. Ең алдымен, экономикалық интеграция сыртқы экономикалық байланысымызды нығайтады. «Қазақстан жақында ЕАЭО-ға кіру жөнінде келісімге қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл ең алдымен, сыртқы экономикалық қатынасымызды дамытуға, экспорттық потенциалды арттыруға септігін тигізбек. Сонымен қатар, ЕО мүшелерінен Қазақстанға инвестиция тартуға мол мүмкіндік ашылады. Ол өз кезегінде дамуға серпін беретін инновациялық технологиялар, білім, тәжірибе алмасу болып табылады. Қазіргі жаһандану заманында өз-өзінен тұйықталуға болмайды. Мейлінше өзге елдермен экономикалық және технологиялық қарым-қатынастарды дамыту қажет. Қазір біздің экспорттық потенциалымыздың 50 пайызын мұнай алып отыр. Еуразиялық одаққа енген соң өзге елдермен тек шикізаттық секторда ғана емес, өңдеу, жеңіл және ауылшаруашылық өнеркәсіптерінде қажетті инновациялық технологияларды алуға болады. Бүгінгі күнгі Ресей нарығына шығу - Еуразиялық одаққа шығу кепілі», - деді ол. Оның айтуынша, ЕАЭО аясында отандық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлердің бәсекелестікке қабілеттілігін арттырып, атқаратын жұмыстары мен көрсетілетін қызмет аясы кеңейеді. «Біздің өндірушілер өзге елдің тауар өндірушілері қалай жұмыс жасайтындығын, оларда қандай қаржылық есептілік және маркетингтік жүйе қалыптасқандығын зерттейтін болады. Халықаралық стандарттардың талаптарын орындауға ұмтылатын боламыз. Бұл жерде әр өндіруші кәсіпкер өзінің тауарын өткізу үшін халықаралық стандарттарға сай болуға тырысады», - деді сарапшы.

Алайда, маман мұндай жауапкершілігі мол қадамға жоғары дайындықпен келу керектігін айтты. Олардың ішінде нормативті-құқықтық актілерді реттеу, тарифтік, тарифтік емес реттеу жұмыстарын бір жолға қойып алу қажет. «КО аясында да Қазақстан бірнеше сыртқы экономикалық құжаттар реттеген болатын. Мысалы, аграрлық салада фитосанитарлық, ветсанитарлық реттеулерді жүргізген соң ғана қазақстандық өнімдер Ресей нарығына шыға бастады. ЕО үшін де сол реттеулер жүзеге асырылады".

Соңғы жаңалықтар