ЕАЭО: Қазақстан бюджетіне 1,9 трлн теңге кедендік төлем мен салық түсті

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Еуразиялық одақ елдерімен бөліскеннен кейін Қазақстан бюджетіне 1,9 трлн теңге кедендік төлемдер мен салық түсті. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тауар айналымын ұлғайту және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2023 жылдың 1-жартыжылдығында Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында бөлінгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетіне түскен кедендік төлемдер мен салықтардың көлемі 1,9 трлн теңгеге жетті», - деді Елдос Саудабаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Департамент директорының дерегінше, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға жоғары. Түсімнің ішінде импортқа арналған қосылған құн салығы 890 млрд теңгені құрайды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 71 пайызға көп.

«Кедендік әкімшілендіру нәтижесінде 2023 жылдың 1-жартыжылдығында 2022 жылдың 1-жартыжылдығына қарағанда кеден заңнамасын бұзушылық 38 пайызға артық анықталды», - деді ол.