ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен шекарада елге тауарлар әкелу мониторингі күшейді – Қаржы министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен шекарада елге тауарлар әкелу мониторингі күшейді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қарау кезінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кірістер бойынша жоспар трансферттерді есепке алмағанда 100,6 пайызға орындалды. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап электрондық түрдегі шот-фактураларды міндетті түрде жазып беру елімізде өндірілетін тауарларға салынатын қосылған құн салығы бойынша түсімдердің 1,5 есеге өсуін қамтамасыз етті. Өз кезегінде корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдер 17 пайызға өсті. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекарада елге тауарлар әкелу мониторингі күшейді», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, жалпы алғанда әкімшілендіру шараларын күшейту мен цифрландыру есебінен 900 млрд теңгеден астам түсімдер қамтамасыз етілді.

«Есепті қарау кезінде кіріс бөлігінің атқарылуы жөнінде ескертулер айтылды. Біріншіден, заңды тұлғалардан алынатын корпоративтік табыс салығы үлесінің төмендеуіне қатысты. Корпоративтік табыс салығы түсімдерінің жоғары қарқынына қарамастан, оның үлесінің төмендеуі, негізінен қосылған құн салығы үлесінің 11 пайыздық тармаққа артуымен түсіндіріледі. Екіншіден, төлемдерді аванстау есебінен республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуы туралы ескертуге қатысты. Бұл мәселе әдіснамалық сипатқа ие, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерін (АҚШ, Франция, Люксембург) қоса алғанда, халықаралық практикаға сәйкес келетін тәжірибе. Аванстық төлем механизмі бизнес субъектілерінің өздеріне де қолайлы», - деді Е. Жамаубаев.

Үшіншіден, 2019 жылы Жалпы ішкі өнімге шаққандағы шоғырландырылған бюджет салық түсімдерінің төмендегені атап өтілді.

Бұл жағдайға мұнайдың әлемдік бағасының 10 пайызға арзандауы тікелей себеп болды.

«Салықтық жеңілдіктер мен преференциялар мәселесіне қатысты Үкімет оларды оңтайландыру үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткім келеді», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар