ЕАЭО-ға мүше елдерде жүк тасымалын қадағалау үшін навигация пломбасы қолданылмақ
2021 жылғы 9 қараша 16:14

ЕАЭО-ға мүше елдерде жүк тасымалын қадағалау үшін навигация пломбасы қолданылмақ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломба қолдану туралы келісімге қол қоюға ниетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Келісімге қатысты жұмысты 2017 жылдан бастап ЕАЭО елдері сарапшылары және Еуразиялық экономикалық комиссия қызметкерлері жүргізген.

«Жұмыс күрделі болды, барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен тараптардың бизнес қоғамдастығы қатысты, көптеген пікір мен ұстаным болды. Мемлекетішілік келісудің екі кезеңі өткізілді. Бүгінгі таңда барлық келіспеушіліктер жойылды», - деді комитет өкілі.

Жалпы келісім навигация пломбасын қолдана отырып, тауарды ЕАЭО-ға мүше екі және одан да көп мемлекеттің аумағы бойынша өткізу кезінде оларды қадағалау мүмкіндігін көздейді. Әрбір ел навигация пломбасын қолдану жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды жүргізетін ұлттық операторы болады.

Бұл ретте көліктің ерекшелігін ескере отырып, тауарлардың санатына байланысты өтпелі кезеңдер көзделген. Бұл тасымалдаудың әрбір кезеңін қадағалай отырып, навигация пломбасын қолдану процесінің тиімділігін жетілдіруге мүмкіндік береді.

«Бизнес үшін осы келісімнің артықшылықтары ЕАЭО кеңістігінде өз тауарларының қауіпсіз транзиті мүмкіндігінде, ЕАЭО бақылаушы органдары тарапынан бақылаудың қосымша нысандары мен шараларын алып тастауда болып отыр. Яғни, егер пломба салынған болса, онда ЕАЭО-ның әрбір мемлекетінде тауарды, ал кейбіреуінде бір бағыт үшін бірнеше реттен тексерудің қажеті жоқ. Мұндай жағдай шығынды айтарлықтай азайтады», - деп атап өтті Мемлекеттік кірістер комитетінде.

Мемлекет осы келісімнен халықаралық тасымалдардың ашықтығына, «жалған транзит» пен «жалған импортты» жоюға және тиісінше қазынаға түсетін кірістің ұлғаюына қол жеткізбек.

Қазіргі уақытта құжаттың жобасы қоғамдық талқылау үшін legalacts.egov.kz сайтына орналастырылған.


Jańalyqtar

MURAǴAT