ЕАЭО - Еуразия кіндігінде дүниеге келген интеграциялық одақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада ел өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі Астана төрінде орын алды. 29 мамыр күні елордадағы Тәуелсіздік сарайында Жоғары Еура­зиялық экономикалық кеңес­тің Мемлекеттер бас­шы­лары деңгейіндегі оты­рысы өтті. Кеңес отырысының күн тәртібіне жеті мәселе шығарылған болатын. Соның ішінде аса маңыздысы әрі кейіннен президенттер тарихи құжат деп атаған Еуразия­лық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою рәсімі де бар болатын.

Шағын құрамдағы отырыстан соң мәжіліс кеңейтілген құраммен жалғасып, оған үш ел басшыларынан бөлек, Армения Президенті Серж Саргсян мен Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев қатысты. Күн тәртібіне сәйкес, Мемлекет басшылары Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы шартты әзірлеу барысын, сондай-ақ, Қырғыз Республикасының Кеден одағына қосылуы жөніндегі Жол картасын қарады.

Еуразиялық интеграция қанатын кеңге жаяды

Кеңес отырысын жүргізген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кіріспе сөзінде еуразиялық экономикалық интеграция келесі кезектегі биікке көтерілгенін атап өтті. Елбасы өз сөзінде қол қойылатын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа тоқтала келе, бұның халықтың әл-ауқатын, өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын алға тартты. «Қазіргі таңда біздің өзара іс-қимылымыз кем дегенде 15-20 жыл алға жетелейтін алыс көкжиекке қарай бағытталуы керек. Ал ХХІ ғасырдың алғашқы жартысында Одақтың алдындағы миссиясы екі түрлі маңызды мәселені шешуі керек. Біріншіден, әлемнің аса маңызды экономикалық макро­ай­мағына айналып, Шығыс пен Батыстың, Еуропа мен Азияның «эко­номикалық көпірі» болатын сапаға қол жеткізу арқылы бәсеге қабілетімізді арт­тыру. Екіншіден, әрбір мүше мемлекетті әлемнің барын­ша дамыған елдері қатарына енгізуді қамтамасыз ету. Ең бастысы, Еура­зиялық экономикалық одақ халықтарымызға ауыртпалық емес, игілік бола білуі керек. Біз тек осындай жолды ұстана білсек қана еуразиялықтың тартымдылығын арттырамыз және оның айқын мақсаттарына деген күмәнді бір­жолата жоятын боламыз», - деді Н. Назарбаев.

Бұдан бөлек, кеңейтілген құрамдағы отырыста Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа енуіне қатысты Президент Серж Саргсян пікірін білдірді. «Біз Еуразиялық эконо­микалық одақ құру туралы шартқа қол қоюға қызығушылық танытып отырмыз. Бұның түрлі себептері де баршылық. Сосын 2015 жылдың 1 қаң­тарынан бастап ЕАЭО-ға енуі туралы ұлттық бизнес те, халық та толық хабарланған. Солардың қолдауына сүйеніп және сарапшылық деңгейде 2-3 мәселе ғана толық келісілген жоқ. Дегенмен, Армения ЕАЭО-ға кіру туралы шартқа биылғы жылдың 15 маусымына дейін қол қоюға әзір», - деді С. Саргсян.

Ал Қыр­ғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев Кеден одағына ену және одан кейінгі сатыда ЕАЭО қатарына өту өз елінің экономикалық саясатындағы маңызды бағыты болатынын атап өтті. «Кеден одағына мүше елдер - біздің экономикалық әріптестеріміз ғана емес, ең алдымен рухы жақын, тарихы ортақ халықтар. Біздің арамызда ешқандай тілдік кедергі де жоқ. Бізде ортақ тарих болса, алдағы уақытта болашағымыз да ортақ болады деп санаймын», - дей келе Алмазбек Атамбаев бүгінгі экономикасы күрделі жағдайда тұрған Қырғыз еліне қолдау керектігін меңзеді. «Кеден одағына кіретін болсақ, біз үшін алғашқы кезеңдер оңай болмайтынын түсінеміз. Дегенмен, қазір Қырғызстан экономикасы күрделі жағдайға қарамастан, тұрақты даму жолына түсіп келе жатыр. Сондықтан біз өз проблемаларымызды шешуді ешқашан Кеден одағының басқа мүшелеріне жүктемейміз. Алайда, бізді өндірістің тоқырап, жұмыссыздықтың артуы ғана алаңдатады. Біздің осындай проблемаларымызға түсіністікпен қарап, қолдау білдіргенді ғана қалаймыз», - деді Алмазбек Атамбаев.

Еуразиялық экономикалық одақ - Еуропа ареалы мен гүлденген Азия арасындағы берік көпір

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің күн тәртібіне шығарылған мәселелер тұтастай қаралып болғаннан соң, Мем­ле­кет басшылары Еуразиялық эко­номикалық одақты құру жөніндегі шартқа салтанатты түрде қол қою рәсімін атқарды. Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Фе­дерациясының Президенті Вла­димир Путин және Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың Еуразия­лық экономикалық одақ құру ту­ралы шартқа салтанатты жағ­дай­да қол қою рәсіміне үш елдің депутаттық корпусы, зиялы қауым және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Салтанатты шарадан соң, Елбасылар арнайы мәлімдеме жасады. Бұл ретте Президент Н. Назарбаев Одаққа мүше үш елдің халқын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуымен құттықтады. «Еуразиялық экономикалық одақты біз жаһандық байланыс­тармен етене жымдасқан, Еуропа мен дамып келе жатқан Азия ареалдары арасындағы берік көпір түріндегі ашық экономикалық қоғамдастық ретінде көреміз. Еуразиялық интеграцияны дамыта отырып, біз заңды кезеңдер - еркін сауда аймағы, Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік арқылы батыл ілгерілеп келеміз», - деді Н. Назарбаев. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті үш елдің жастарына да сөз арнады. «Еуразиялық экономикалық одақ сіздер үшін құрылуда. Ол сіздерге қатысушы елдің кез келгенінде сапалы білім және кәсіби машықты игеруде артықшылық береді. Бүгінгі оқиға біздің елдеріміздің болашағы үшін, бірінші кезекте, жаңа ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер көзін ашады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Еуразиялық одақ туралы шартқа қол қою арқылы Жер шарының ең ірі тұтынушылық нарықтарының бірі, энергия ресурстарының ірі экспорттаушысы болып саналатын интеграциялық бірлестіктің құрылуы заңдық тұрғыдан ресімделді. Мемлекеттердің тәуелсіздігіне кепілдік беретін негізгі ресурс­тар бұл бірлестіктің өзінде жеткілікті. Осылайша бүгін ХХІ ғасырдың жаңа геоэкономикалық ақиқаты дүниеге келді. Ол үлкен қиындықпен құрылды. Ашығын айтайын: біз Еуразиялық экономикалық одаққа көп қиын­дықпен жеттік. Алдымызда жаһан­дық тұрақсыздық жағдайындағы қалыптасу мен дамудың күрделі кезеңі тұр. Интеграция бізге өздігінен керемет өмірге кепілдік бермейді. Жаңа сын-қатерлер мен жаңа міндеттер болады. Біз оларды бірігіп шешуге және баршамыздың күш-жігерімізбен дағдарысты еңсеруге дайын болуға тиіспіз.

Владимир Путин, Ресей Федера­циясының Президенті: Одақ туралы шарт экономиканы дамытып, үш ел азаматтарының әл-ауқатын көтеру үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Ресей, Беларусь және Қа­зақстан өзара іс-қимылдың мүлде жаңа деңгейіне өтеді: тауарлар, қызметтер, капиталдар мен жұмыс күші еркін қозғалатын ортақ кеңістік құрады. «Үштік» мемлекеттері экономиканың энер­гетика, өнеркәсіп, ауыл шаруа­шылығы және көлік секілді негізгі салаларында келісілген саясат жүргізетін болады. Іс жүзінде біз 170 миллионнан астам халқы бар ТМД кеңістігінде өндірістік, ғылыми және технологиялық әлеуеті зор, табиғи ресурстары орасан мол, ірі әрі бірыңғай нарық құрамыз. Сонымен қатар, әлемдік экономикада толыққанды халықаралық құқықтық субъектілікке ие және Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидалары негізінде әрекет ететін жаңа экономикалық ұйым пайда болып отыр.

Александр Лукашенко Беларусь Республикасының Президенті: Шартқа қол қою - осымен бітті деген сөз емес, ол біздің дұрыс қадам жасағанымызды бүкіл әлемге дәлелдеуге тиіс болатын салиқалы үдерістің бастауы ғана. Ендеше алдымызда зор әрі жауапкершілікті барынша талап ететін жұмыс күтіп тұр. Осы тұрғыдан алғанда, Еуразиялық экономикалық одақты құру жөніндегі іс-қимылдардың қатысушы-мемлекеттердің өзара саудасына айтарлықтай ықпал ететін мәселелерді шешумен байланысты болғаны жөн.

Соңғы жаңалықтар