ЕАЭО, ЕО және ШЫҰ арасындағы толыққанды экономикалық ынтымақтастықты жолға қою керек - Елбасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ЕАЭО, ЕО және ШЫҰ арасындағы толыққанды экономикалық ынтымақтастықты жолға қою керек. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Алдымен Еуразиялық экономикалық одақтың стратегиялық пішінін кеңейтіп, интеграция идеясын күшейту қажет. Бізге ЕАЭО, ЕО және ШЫҰ арасындағы толыққанды экономикалық ынтымақтастықты жолға қою керек. Бұл қарапайым міндет емес. Дегенмен, егер біз бірлесе жұмыс істейтін болсақ, онда мұндай идеяны ілгерілетуге болады.

Осы ретте Елбасы еуразиялық кеңістіктің мәні жабылу емес, керісінше оны жаһандық өзара іс-қимыл үшін барынша ашық ету екенін атап өтті.

"Сонымен қатар Қытайдың "Бір белдеу - бір жол" бастамасын инфрақұрылымдық логистика бөлігінде ЕАЭО әлеуетінің жалғасы ретіне қабылдануы тиіс. Біз елдеріміз үшін оны тиімді жасай аламыз, мол экономикалық тиімділік береді, біздің бірлестіктің ішкі де, жеке де мақсаттарына қол жеткізуге септігін тигізеді", - деді Жоғары ЕЭК құрметті төрағасы.

ҚР Тұңғыш Президенті ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің географиялық тұрғыда өте тиімді орналасқанын ескере отырып, ірі бірлескен жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын үдету қажеттігіне назар аудартты.

"Ол үшін елдерімізде қуатты базаға ие болып отырмыз. Мәселен, Қазақстан бірқатар ауқымды халықаралық жобаны қазірдің өзінде жүзеге асырып отыр. Соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстанның көлік-логистикалық активтерінің инфрақұрылымдарын және құзіретін дамытуға шамамен 30 млрд доллар инвестиция салды. Бұл 5 темір жол мен 6 халықаралық автомобиль бағдарын ашуға мүмкіндік берді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, РФ Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, сонмен қатар Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон құрметті қонақ ретінде қатысып отыр.

Жалпы отырыс барысында Мемлекет басшылары ЕАЭО дамуының өзекті мәселелері мен болашағын талқылайды. Атап айтқанда, цифрлық дамудың, Одақтың халықаралық қызметінің күн тәртібінде тұрған мәселелері, сондай-ақ 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағдарлары қарастырылады.

Саммит соңында Жоғары Еуразия экономикалық кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының ЕАЭО туралы Келісімнің 5 жылдығына орай Бірлескен мәлімдеме жасауы, сондай-ақ бірқатар халықаралық құжаттарға қол қоюы жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар