ЕАЭО елдерінің ұлттық банктері басшыларының еуразиялық кеңесін құру туралы келісімге қол қойылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ЕАЭО-ға мүше елдердің орталық (ұлттық) банктерінің басшылары кеңесінің кезекті 33-ші отырысы өтті. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кеңестің отырысына Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Ресей Федерациясы орталық (ұлттық) банктерінің өкілдері қатысты.

Отырыс шеңберінде қаржы-банк саласындағы ықпалдасуды тереңдету, ұлттық валюталық-қаржы және банк жүйелерін дамыту мәселелері бойынша іс-қимылдарды үйлестіру, көпжақты және екіжақты төлем-есеп айырысу қатынастарын жетілдіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Кеңес жанынан құрылған Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі консультативтік кеңестің дербес құрамы мен жұмыс жоспары бекітілді.

Сонымен қатар жиында Орталық (ұлттық) банктер басшыларының еуразиялық кеңесін құру туралы келісімге қол қойылды.

2015 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО органдарының қысқартылуына қарамастан, жұмыс тиімділігінің жоғары болуына және осы алаң шеңберінде қаралатын мәселелердің өте өзекті болуына байланысты Кеңес ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттердің орталық банктері басшыларының консультативтік-кеңесші органы ретінде өз қызметін жалғастырады.

Орталық банктердің құзыретіне ғана кіретін мәселелер бойынша ұсыным сипатындағы шешімдерді қабылдау қайта ұйымдастырылған Кеңестің негізгі функциясы болып табылады.

Кеңестің келесі отырысы Минск қаласында (Беларусь Республикасы) 2016 жылдың бірінші жартыжылдығына өтеді.

Соңғы жаңалықтар