ЕАЭО елдерінің сутегі энергетикасы саласындағы ынтымақтастығын дамыту шаралары бекітілді

None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің сутегі энергетикасын дамыту перспективалары бойынша талдау нәтижелері туралы» баяндама мақұлданып, ЕАЭО елдері арасында осы салада ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ұсыным қабылданды. Құжаттар одақтың 2025 жылға дейінгі өнеркәсіптік кооперацияның негізгі бағыттарын жүзеге асыру мақсатында әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ЕЭК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баяндама сутекті өндіру, тасымалдау, сақтау және пайдаланудың негізгі технологияларының кешенді талдау, жекелеген елдер мысалында сутегі энергетикасы саласындағы әлемдік тәжірибеге шолу, ЕАЭО мемлекеттеріндегі сутегі энергетикасын дамыту тенденциялары жөніндегі ақпаратты қамтиды.

Құжатта сутегі энергетикасын дамытудың әлеуетті мүмкіндіктері мен шектеулері, одақ елдеріндегі тиісті жобаларды талдауға ерекше көңіл бөлінген. Сондай-ақ, саланың нормативтік-құқықтық базасының қалыптасу дәрежесі, елдің ресурстары мен әлеуетін ескере отырып, әрбір мүше-мемлекет үшін дамудың негізгі нүктелері мен мақсаттары белгіленді.

«Одақтағы сутегі энергетикасын ілгерілету үшін елдеріміз арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға, үш бағыт бойынша соңғы әзірлемелерді, құрамдас бөліктер мен дайын өнімдердің тәжірибелік үлгілерін жасауға ерекше назар аудару қажет. Бұл сутегін өндіруді, тасымалдауды, сақтауды және пайдалануды (көлікте, өнеркәсіптік өндірісте) қамтиды», - деді ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Артак Камалян.

Ұсыныс ЕАЭО-да сутегі энергетикасы саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытудың перспективалық бағыттарын анықтайды, мысалы, атом электр станцияларының электр энергиясын, шағын гидро электр станцияларын және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы су электролизі әдісімен төмен көміртекті сутегін алу, көмірсутектерден әртүрлі әдістермен төмен көміртекті сутекті алу; сутекті сығымдау, сұйылту, сақтау және тасымалдау; сутегі көлігі және оны қолдану үшін қажетті инфрақұрылым; қатты оксидті электролизерлер мен отын элементтеріне, сондай-ақ сутегін сақтаудың перспективалы технологияларын қолдануға арналған материалдар.

Ұсынысты жүзеге асыру одақ мемлекеттері арасындағы сутегі энергетикасы саласында кооперациялық байланыстардың дамуына, ғылыми-техникалық ынтымақтастық, негізгі сутегі технологиялары мен жобалары бойынша мүше мемлекеттердің тәжірибе алмасуына, бірлескен ғылыми зерттеулерді және бес елдің ұйымдарының аталған саладағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары бойынша технологияларды әзірлеуге септігін тигізеді.

«Ұсынысты қабылдау – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің сутегі энергетикасы саласындағы өзара іс-қимылын орнатудағы алғашқы қадам», - деп атап өтті А.Камалян.


Фото: eec.eaeunion.org

Соңғы жаңалықтар