ЕАЭО елдерінен кредит алатын қазақстандықтардың несие тарихы тексеріледі

None
Видеодан алынған кадр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ендігі уақытта Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерінен кредит алғысы келген Қазақстан азаматтарының кредиттік тарихы тексеріліп барып беріледі. Аталған жаңашылдақ туралы Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Несие берер алдында банк алдымен клиенттің кредиттік тарихын тексереді. Бүгін Мәжілісте Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кіретін елдер арасында кредит бойынша мәліметтермен трансшекаралық алмасуға қатысты құжат қабылданды. Аталған құжат Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында бірыңғай әрі сапалы кредит нарығын құруға оң ықпал етеді.

Мысалы, Қазақстан азаматы Ресей банкінен несие алуға өтініш береді. Сол арқылы клиент кредиттік тарихын тексеруге рұқсатын береді. Ресей банкі біздің Ұлттық кредит бюросына сауал жібереді, біздің бюро клиенттің кредиттік тарихын қарап, ол мәліметті Ресейге жібереді. Соның негізінде Ресей банкі несие беру немесе бас тартуға қатысты шешім қабылдайды», - деді Олжас Қизатов Jibek Joly телеарнасының мобильді студиясында берген сұхбатында.

Оның айтуынша, клиенттердің кредиттік тарихы «таза» болған сайын, оның несие алу мүмкіндігі артады.

«Клиенттердің кредиттік тарихы мәселесі жеке және заңды тұлғаларға да қатысты. Бұған дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында клиенттердің кредиттік тарихымен алмасу болмаған. Осы уақытқа дейін ЕАЭО-ға мүше елдерінен кредит алғысы келген азаматтардың өтінішіне қатысты шешімді сол елдің банкі тікелей өзі қабылдайтын. Енді кредиттік тарихын тексеру арқылы шешім шығаратын болады», - дейді агенттік басшысының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар