ЕАЭО елдерінде азық-түлік бір жылда 13% қымбаттады – Үкімет басшысы

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2022 жылы ЕАЭО елдерінде азық-түлік бағасы орта есеппен 13% өсті. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов бүгін Алматыда өтіп жатқан Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Үкіметінің басшысы БҰҰ сарапшыларының бағалауы бойынша 2023 жылы әлемдік экономиканың өсімі 2 пайызға дейін төмендейтінін атап өтті.

«Мұндай болжам әлем елдеріндегі инфляциялық күтулердің өсуімен байланысты. Өндіріс пен сауда тізбегіндегі іркіліс азық-түлік нарықтарында бағаның өсуіне әкелді. Бұл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көрсеткіштеріне сөзсіз әсер етеді. Осылайша, өткен жылы біздің елдерде азық-түлік бағасы орта есеппен 13% артты»,- дейді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы бағаның өсуін тежеу, ішкі нарықтың қауіпсіздігін арттыру және халыққа азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.

Қазақстан премьері ЕАЭО елдерін азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша бірлескен жобаларды құруға және қаржыландыруға, жылыжайларды, мал бордақылау алаңдарын, сауда және сақтау инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударуға шақырды.

«Тараптар қолданатын санитарлық-фитосанитарлық, ветеринарлық, техникалық шаралар өзара саудаға жасанды кедергілер жасамауы керек. Жұмысымыздың басты міндеті - біздің елдерде өндірілетін өнімдердің өзара саудасын кеңейту екенін есте ұстаған жөн»,- деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар