ЕАЭО елдерінде 80 млн-нан астам контрафактілік тауар анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы 5 жылдың ішінде ЕАЭО-ға ( Еуразиялық экономикалық одақ) мүше елдер аумағында 80 млн-нан астам контрафактілік тауар анықталды. Одан бөлек, интеллектуалды меншік саласында 11 мыңға жуық заң бұзушылық пен қылмыс анықталған.Бұл туралы ЕЭК (Еуразиялық экономикалық комиссия) Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 5 жылда ЕАЭО елдерінде 80 млн-нан астам контрафактілік тауар анықталды. Оның 90%-дан астамы бөгде тауар белгілерін заңсыз қолданып, айналымға шығару фактісі. Сонымен қатар өткен жылы ЕАЭО елдерінде интеллектуалды меншік саласында 11 мыңға жуық заң бұзушылық пен қылмыс анықталды. ЕАЭО-да анықталған жалпы контрафакт көлемі 13,6 млн өнім бірлігін құрады. Салдарынан тауар құқығы иелері 5 млрд рубльден асатын сомаға шығынға батты»,- деді Ғалия Жолдыбаева ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің мәліметіне сүйенсек, ЕАЭО мемлекеттерінде контрафактілік бойынша киім және аяқ киім, ойыншықтар, парфюмерия, косметика, тұрмыстық заттар мен қосалқы бөлшектер көш бастап тұр.

«Бүгінде интернет желісінде қарақшылық және контрафактілік тауарлардың таралуына қарсы іс-қимылды нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттеу мәселесі қаралып жатыр. Сол сияқты Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясына сәйкес контрафактімен күрестегі екі бағыт пысықталып жатыр. Бірі ЕАЭО елдерінде электрондық сауданы экологиялық тұрғыдан дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Екіншісі интернет желісінде интеллектуалды меншік құқығын бұзуға қарсы күрес жөніндегі іс-қимылды бекіту», - дейді ол.

Айта кетсек, елордада контрафактілік тауар айналымы мәселесіне арналған халықаралық форум өтті.



Соңғы жаңалықтар