ЕАЭО елдері қандай тауарлар импорттайтынына сараптама жасау керек - Елбасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ елдері қандай тауарларды импорттайтынына сараптама жасау керек. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Не импорттайтынымызға сараптама жасауымыз қажет. Жуықта бұл жайында ойланып, қазақстандық құрылымды қарадым. Біз инфляцияның 50 пайызын аталған тауарларды импорттаудан алып отырмыз. Ал барлығымыз да өзімізде шығатын тауарларды импорттаймыз. Машина жасау өнімдерін импорттаймыз, бұл жарайды. Бірақ, халық тұтынатын шұлық, бәтеңке, туфли, костюм жейде және тіпті азық-түлікті қайта өңдеудің жетіспеушілігі салдарынан импорттап отырмыз", - деді Елбасы.

Осы ретте ҚР Тұңғыш Президенті аталған тауарлардың барлығы да ЕАЭО елдерінде өндірілетінін баса айтты.

"Меніңше, комиссия аясында біз сараптама жасайтын адамдар тобын құруымыз керек және олар сүттің Беларусь пен Ресейде, астықтың Қазақстанда өндірілетінін айтуы тиіс. Тіпті әскери қызметшілер үшін киімді импорттап отырмыз. Бұл ұят нәрсе. Қараңыздаршы, нарықты кеңейту үшін, ақша тауып, жұмыс орындарын ұсынуға қандай кеңістіктер бар. Біз ойлануымыз керек", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, РФ Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, сонымен қатар Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон құрметті қонақ ретінде қатысып отыр.

Жалпы отырыс барысында Мемлекет басшылары ЕАЭО дамуының өзекті мәселелері мен болашағын талқылайды. Атап айтқанда, цифрлық дамудың, Одақтың халықаралық қызметінің күн тәртібінде тұрған мәселелері, сондай-ақ 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағдарлары қарастырылады.

Саммит соңында Жоғары Еуразия экономикалық кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының ЕАЭО туралы Келісімнің 5 жылдығына орай Бірлескен мәлімдеме жасауы, сондай-ақ бірқатар халықаралық құжаттарға қол қоюы жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар