ЕАЭО елдері «Астана» қаржы орталығының әлеуетін пайдалана алады - ҚР Президенті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ елдері «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін пайдалана алады. Бұл туралы бүгін елордада өткен Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан «Астана» халықаралық қаржы орталығын іске қосты. Ол халықаралық балама институттардың үздік тәжірибесін өзіне сіңірген. Бұл орталықтың қатысушылары өңірдің ғана емес бүкіл әлемнің капиталына, сонымен қатар қаржылық қызметтердің үлкен шоғырына жан-жақты қол жеткізе алады», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы «Астана» ХҚО қатысушыларына 50 жыл мерзімге салықтық жеңілдік берілетіндігін, валюталық, визалық және еңбек режимдері жеңілдетілгенін айтты. АХҚО соты мен Халықаралық арбитраждық орталық жұмыс істейтіндігін де атап өтті.

«Біздің одаққа мүше мемлекеттер өз экономикаларына шетелдік инвестиция тарту үшін бұл орталықтың әлеуетін пайдалана алар еді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, сонмен қатар Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон құрметті қонақ ретінде қатысты.

Соңғы жаңалықтар