ЕАЭО елдері алкоголь мен темекі бойынша мөлшерлемені жақындатады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға қарай ЕАЭО елдері алкоголь мен темекі бойынша мөлшерлемелерін жақындатады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Сенаттың жалпы отырысында айтты.

«Жалпы, Қазақстанның салық саясаты дербес және тәуелсіз жүзеге асырылады. Акциз – салықтың жанама түрі, мемлекеттік бюджетте оның үлесі 5%-дан аспайды. ЕАЭО аясында саясатты үйлестіруге келсек, мұндай нормалар көзделген. 2025 жылға қарай біз алкоголь мен темекі сияқты тауарлар бойынша мөлшерлемелерімізді жақындатуымыз керек», - деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, темекі бойынша келісім ратификацияланған және 2024 жылға қарай мың дана темекіге акциз теңгелік мәнде 35 евроға дейін артады.

«Алкоголь өнімдеріне келсек, бізде акциздер айтарлықтай жоғары, дегенмен, ЕАЭО шеңберінде тиісті келісім дайындалып жатыр және осы келісім күшіне енгеннен кейін біз де алкоголь бойынша акциздерімізді біртіндеп жақындастыратын боламыз», - деді Е. Жамаубаев.

Айта кетейік, Сенатта ТМД елдері арасындағы салық саясатының принциптері туралы келісімнің күшін жою хаттамасы ратификацияланды.

Қаржы министрінің айтуынша, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тарапынан келісімнің қолданыс мерзімін ұзарту туралы өтінім болмаған және оның ережелері қазіргі уақыт талаптарына сәйкес келмейді.



Соңғы жаңалықтар