ЕАЭО-да бизнеске кедергілерді жою бойынша жұмыс тобын құру ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында бизнес тап болған кедергілерді жедел жою бойынша жұмыс тобын құру керек. Бұл туралы елордада Қазақстанның бизнес-қоғамдастығымен диалог алаңы аясында өткен кездесуде «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Евгений Больгерт мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нарықтағы (ЕАЭО аясында) кедергілерге әрекет ету бойынша жедел жұмыс тобын құру бастамасымен шыққымыз келеді. Қазіргі кезде бізде ҰКП атынан тек консультацияларға бастамашылық ету үшін комиссияға жүгіну мүмкіндігі бар. Сочиде Елбасы Жоғарғы Кеңестің отырысында кедергілерді жою бойынша бесжақты жұмыс тобын құруды ұсынды. Біз осы мәселеге қайта оралғымыз келеді. Яғни, кедергілерді шешу үшін айтарлықтай жедел форматты тапқан жөн. Өйткені қолданыстағы жүйе осы күрделі жағдайды жылдамдатып шешуге ықпал ете алмай отыр», - деді Евгений Больгерт.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік бойынша Алқа мүшесі (министрі) Серік Жұманғарин ЕАЭО аясында сауда ережелерін бұзғандар туралы айтып берді.

Сонымен қатар ол кәсіпкерлер үшін біраз кедергілер бар екенін және олардың жартысы заңды болса, жартысы заңсыз екенін атап өтті.

«Заңсыз кедергілермен қалай күресуге болады? Бұл тұрғыда арыз жазу керек. Осы орайда бұл шағымдар қаралып, комиссияға шығарылады. Кедергі жасап отырған мемлекетке қатысты шешім қабылданады. Бұл шешімді олар үш айдың ішінде орындауы тиіс. Ал орындамаса, кеңестің қарауына ұсынамыз, мәселе жоғары деңгейде талқыланады», - деді С. Жұманғарин.

Сонымен қатар, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Евгений Больгерт Беларусь пен Ресейден елімізге тауарлар импорты артқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар