ЕАЭО аясындағы Қазақстанның басымдығы неде? - Н. Назарбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» арнасындағы «Назарбаевпен ең бастылар жайлы...» атты деректі сұхбатында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы Қазақстанның басымдығына тоқталды.

Елбасы әңгіме барысында Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі бағыттарына тоқтала келе, бұл бірлестіктің құрылар бастауында бәсекелестіктің жоғары болатыны туралы ескерткенін алға тартты. «Егер біз бәсекелестікті үш мемлекет арасында көтере алмасақ, онда ДСҰ-ға кіріп отырып, қалай шыдамақпыз? Басқасын айтпайық, осыған үңілейік. Ресейде рубль сәл шайқалып еді, бәрі сол жаққа ағылды. Бұның болғаны да бір жағынан жақсы болды, бір сергітіп тастады. Әрине, бұл азаматтар үшін жақсы, оған неге қарсы болуымыз керек. Тауарлар тәуір болса, сапасы сәйкес, бағасы төмен болса, бұдан артық не керек? Біз осыған ұмтылудамыз», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бәсекелестіктің не екеніне назар аудара келе, бұған ең алдымен инновация мен ғылым керек екенін айтты. «Бізге бұны өмірдің өзі алға тартып отырған қажеттілік екенін түсіну керек, басқа жолымыз да жоқ. Әрине, біздің оңтүстік көршілерімізбен бұндай бірлестік болса жақсы болатын еді, алайда Қырғызстанның нарығы біз үшін аз», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ЕАЭО аясында қазақстандық басымдықтың ауыл шаруашылығы саласында да болуы тиістігіне баса назар бұрды. «Біздің жеріміз бізге бәрін бере алады. Біздің шаруаларымыз жақсы өмір сүріп, бүкіл Қазақстанды асырай алатындай деңгейге жетуі керек. Ал кім қаржыландырып жатыр, менеджмент қалай қамтылды, трейдингтерін кім қамтып жатыр? Қарапайым адамға бұның қажеті шамалы. Ал мемлекет өзінің заңдарымен сондай компанияларға қатысып, бәрін өз уысында ұстайды. Сондықтан да, ешкімге алаңдауға негіз жоқ. Қазақстандағы шетелдік болсын, басқа болсын, олардың бәрі мемлекеттің бақылауында тұр. Ондай компаниялар өздерінің акцияларын мемлекетсіз сата алмайды, ең бірінші ұсыныс та мемлекетке жасалуы тиіс. Құрылымды да ауыстыра алмайды. Сондықтан да біз оларды бақылай отырып, өздерінің жұмыс істеуіне де жағдай жасап жатырмыз», - деді Н. Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар