ЕАЭО аясында Қазақстан жаңа экспорттық бағыттарды ашты – «Атамекен» ҰКП

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстан жаңа экспорттық бағыттарды ашты.

Бұл туралы елордада Қазақстанның бизнес-қоғамдастығымен диалог алаңы аясында өткен кездесуде «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Евгений Больгерт мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оңтайлы қадамдарға (ЕАЭО аясында) тоқталсақ, перспективалы шаралар бойынша бізге қосымша мүмкіндік беріледі. Яғни Вьетнаммен, Иранмен және өзге де елдермен еркін сауда аймақтары туралы бірлескен шартты бекітуде тиімділік бар. Бізде мүлдем экспорт болмаған бағыттарда жаңа нарықтар ашылуда», - деді Е. Больгерт.

Алайда сарапшы сауда мәселелерінде теңгерім бойынша ел мүддесіне барынша назар аудару керектігін атап өтті.

«Осы шарттарды бекіту кезінде теңгерімге тыңғылықты қарау керек, себебі өнімнің бірқатар тізбегі бойынша өзіміздің ұстанымдар тұрғысында табандылық танытқан жөн. Бұл ретте біздің өндірушілер өздерінің алаңдаушылығын білдіруде. Біздің серіктестердің өнімдері нарыққа кедергісіз кіруінің салдарынан ішкі нарықта бәсекелестікке түсуде қиындықтар болады, деген қауіп бар»,- деді Евгений Больгерт.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік бойынша Алқа мүшесі (министрі) Серік Жұманғарин ЕАЭО аясында сауда ережелерін бұзғандар туралы айтып берді.

Сонымен қатар ол кәсіпкерлер үшін біраз кедергілер бар екенін және олардың жартысы заңды болса, жартысы заңсыз екенін атап өтті.

«Заңсыз кедергілермен қалай күресуге болады? Бұл тұрғыда құзырлы органға шағым түсіріп, ол шағымдар комиссияға шығарылады. Кедергі жасап отырған мемлекетке қатысты шешім қабылданады. Бұл шешімді олар үш айдың ішінде орындауы тиіс. Ал орындамаса, кеңестің қарауына ұсынамыз, мәселе жоғары деңгейде талқыланады», - деді С. Жұманғарин.

Сонымен қатар, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Евгений Больгерт Беларусь пен Ресейден елімізге тауарлар импорты артқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар