ЕАЭО аясында интеграцияны ілгерілету үшін кәсіби мәмілегерлер қажет - сарапшы

None
Фото: kisi.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтан шығу мәселесін көтеріп жатқан жоқ. Jibek Joly телеарнасының «JJ Talk» бағдарламасына сұхбат берген Қазақстан ғылыми-зерттеулер институтының ғалым хатшысы Әсел Назарбетова осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде мәселелер бар. Олар тиісті мемлекеттік органдарға уақтылы жеткізіліп жатыр. Бірінші кезекте ол - бизнестің жанайқайы. Оларды келіссөз жүргізу арқылы шешу керек. Осы орайда, тағы бір проблема бар – бізге кәсіби мәмілегерлер, қаржыгерлер мен экономистер қажет. Олар қазір осы одақ аясында бар мәселелерді көтеріп, соларды шеше алатындай дәрежеде болуы тиіс», - деді Әсел Назарбетова.

Сарапшы бүгінде еліміз ЕАЭО-дан шығу бастамасын қарастырмайтынын мәлім етті. Оның сөзінше, бұл одаққа қатысты шешімдер бірінше кезекте ұлттық мүддені ескере отырып қабылданады.

«Әр мемлекеттің өз мүддесі, позициясы бар. Қазіргі жағдайда біздің позициямыз ұтымдырақ. Біздің елдің басшылығы қандай да бір шешім қабылдамас бұрын, оны ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырады. Одаққа қатысты да сондай қағида бар. Қазір одан шығу мәселесі көтеріліп жатқан жоқ. Президент бүгінде бар мәселені шешіп, оны экономикалық одақ ретінде тиімді пайдалансақ, сол маңызды дегенді айтты», - деп тоқталды Әсел Назарбетова.


Соңғы жаңалықтар