ЕАЭО аумағында жоғары аудит органдары кеден саласын бақыламақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында «Кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл заң ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының Еуразиялық экономикалық одақта кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке алу және бөлу тәртібін сақтауын бақылауды қамтамасыз етуге арналған. Осы ретте ЕАЭО қызметінің негізгі реттеуші тетіктерінің бірі ретінде кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке алу және бөлу тәртібін жетілдіру басты міндеттердің бірі екенін атап өткен жөн.

«ЕАЭО құрамындағы мемлекеттердің жоғары аудит органдары мүше елдерде аталған тәртіптің сақталуына қатысты бірлескен бақылау іс-шараларын жыл сайын өткізіп тұрады. Тиісті келісім жобасын Еуразиялық экономикалық комиссиясына мүше елдердің жоғары аудит органдары мүдделі министрліктер мен ведомстволар сарапшыларымен бірлесе әзірлеген болатын. Бұл құжатқа ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары 2021 жылы қарашада қол қойды. Келісімге сәйкес бірлескен бақылау іс-шаралары аясында тиісті мақсаттар қарастырылған. Атап айтқанда, кедендік әкелу баждарының бөлінуге кіретін сомаларын есепке жатқызуы, уәкілетті органдардың оларды толық әрі уақытылы аударуы, сондай-ақ уәкілетті органдардың кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін сақтауы ескерілген», - деді ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Ардақ Теңгебаев.

Осы орайда ол мүше мемлекеттердің қазынашылық қызметтері бақылау іс-шарасының объектілері болып айқындалғанын айтты.

«Бірлескен бақылау іс-шарасы жыл сайын өтеді. Оны мүше мемлекеттердің жоғары аудит органдарының өкілдерінен құралатын бірлескен бақылау тобы жүзеге асырады. Іс-шара қорытындысы бойынша жиынтық есеп қалыптастырылып, онда заң бұзу фактілері, талдау нәтижелері, тиісті ұсыныстар қамтылады», - деді ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі.

Оның айтуынша, осы келісімді ратификациялау нәтижесінде тексерудің бірыңғай тәртібі білгіленеді.


Соңғы жаңалықтар