ЕАЭО аумағы арқылы қазақстандық тауарлардың экспортына шектеу бар - Әбдіров
2021 жылғы 24 қараша 16:00

ЕАЭО аумағы арқылы қазақстандық тауарлардың экспортына шектеу бар - Әбдіров

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің аумағы арқылы қазақстандық тауарлардың экспорты мен транзитіне шектеу бар. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Басқа елдерде, оның ішінде ЕАЭО елдерінде біздің сертификаттар мойындалмай, отандық нарықта техникалық реттеумен байланысты проблемалар орын алып, «күмәнді« сертификаттардың үлесі басым болып тұр. ЕАЭО елдерінің аумағы арқылы қазақстандық тауарлардың экспорты мен транзитіне шектеу де бар», - деді ол Сенатта өтіп жатқан Үкімет сағатында.

Оның атап өтуінше, жүктерді әкелу мен әкетуді шектеуде Қытай Халық Республикасымен де жүйелі проблемалар бар. Қазақстандық кәсіпкерлер әлі күнге дейін шешімін таппаған бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Бұл мәселені шешу қажеттігін Мемлекет басшысы да атап көрсеткен.

«Ішкі саудада инфрақұрылымның жеткіліксіз деңгейде дамып отырғандығын атап өтуге болады. Оның ішінде сауда және қойма объектілерінің жетіспеушілігі, жалға алу құнының және жылжымайтын мүлік объектілері мен жер бағасының жоғарылығы, коммуникациялар жүргізу құнының қымбат болуын атап өткен жөн», - деді Нұрлан Әбдіров.


Jańalyqtar

MURAǴAT