ЕАЭО - 5 жыл: Мәскеу метросында мерейтойлық пойыз жолға шықты

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Мәскеулік метрополитенде Еуразия экономикалық одағының бес жылдығына орай мерекелік пойыз іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Пойыз екі секциялық вагоннан тұрады. Әрқайсысының интерьері ЕАЭО-ға мүше Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей мемлекеттеріне арналған.

Жолаушылар елдер туралы қызықты деректерді біліп, олардың негізгі салаларымен және ұлттық тағамдарының ерекшеліктерімен таныса алады. Сонымен қатар, әр вагонда Еуразиялық экономикалық одақтың не екені, қашан және не үшін құрылғаны, Еуразиялық экономикалық комиссияның не істейтіні туралы мәліметтер жарияланған. Оның жоғарғы бөлігінде қатысушы елдердегі ЖІӨ өсу қарқыны көрсетілген.

Есік алдынан жолаушылар ЕАЭО елдерінің тауарлар экспортының құрылымы, үшінші елдермен сыртқы сауда нәтижелері, Одақтың оның тұрғындары үшін пайдасы туралы инфографиканы таба алады. QR кодтары жолаушыларға ЕАЭО туралы анимациялық бейнелерді көруге, сонымен қатар әлеуметтік желілердегі ЕЭК парақшаларына кіруге және Одақ туралы соңғы жаңалықтарды оқуға мүмкіндік береді.

«Бұл достық пойызы мәскеуліктерге Еуразиялық экономикалық одақтың қандай екендігі туралы ақпарат береді. Біз жас қауымдастықпыз, сондықтан мұндай бастамалар біз үшін өте маңызды. Олар Одақтың танылуына ықпал етеді және қауымдастықтың артықшылықтары туралы айтуға көмектеседі», - деп атап өтті ЕЭК Коллегиясының төрағасы Тигран Саркисян пойыздың ашылу салтанатында.

ЕЭК баспасөз қызметі хабарлағандай, ЕАЭО-ның бес жылдығына арналған пойыз алты ай бойы Кольцевая метросында жүреді және үш миллионға жуық адамды тасымалдайды. Олар Одақ жетістіктерімен және қатысушы елдер сипаттамаларының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен егжей-тегжейлі таныса алады.

Соңғы жаңалықтар