ЕАЭК отырысында Путин Тоқаевқа беріп жіберген қағазда не жазылған

Фото: Фото: t.me/aqorda_resmi
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай 25 мамырда Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында Владимир Путиннің Қасым-Жомарт Тоқаевқа беріп жіберген қағазында не жазылғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, бұл қағазда Ресей тарапының ЕАЭО көшбасшыларының шағын құрамдағы кездесуінде қойылған сұраққа жауабы жазылған.

«Онда жүк жөнелтуші қазақ компанияларының Ресей темір жолында ішкі тариф бойынша тауар тасымалдау мүмкіндігі туралы айтылады. Ресей Үкіметі Қазақстан аумағында межелі пункті бар тауарлардың жеңілдікті тарифті пайдалана алатынын атап өткен, алайда Ресей аумағында транзитпен жүретін тауарларға экспорттық тариф қолданылуы тиіс деп есептейді»,- дейді Руслан Желдібай.

Президент біздің Үкіметке осы мәселе бойынша 2015 жылғы ЕАЭО құру туралы шарт қағидаттары негізінде Ресей тарапымен келіссөзді жалғастыру жөнінде тапсырма берді.

Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті 25 мамырда Мәскеудегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты.


Соңғы жаңалықтар