ЕАЭК отырысы: Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте қандай өзекті мәселелерді көтерді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға жұмыс сапарымен барды. Ол Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысып, ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикалық байланысы, мемлекеттер арасындағы жүк тасымалы, одақты дамыту стратегиясының жүзеге асу барысы, еңбек миграциясы, сонымен бірге цифрландыру мәселесін сөз етті. Оның айтуынша, пандемия салдарынан зардап шеккен экономика саласын соңғы уақыттағы геосаяси жағдай тіптен ушықтырып жіберген. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев отырыс кезінде бірқатар проблеманы көтеріп, оны шешу жолдарын ұсынды. Осыған орай, отырыс кезінде көтерілген өзекті мәселелерге шолу жасауды жөн көрдік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Экономикалық ынтымақтастықты дамыту шаралары

Бішкекте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше елдердің президенттері желтоқсан айындағы кездесулерде дәстүрлі түрде бірлескен жұмысты қорытындылап, алдағы кезеңде атқаратын міндеттерді айқындайтынын жеткізді. Ол өз сөзінде биыл әлемдік экономика үшін өте ауыр жыл болғанына тоқталып өтті. Мемлекет басшысының мәліметінше, Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше елдермен тауар айналымы қаңтар-қазан айларында 7%-ға артып, 23 миллиард долларға жеткен. Оның айтуынша, қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикалық байланыстарды сақтауы және нығайтуы, ортақ қағидаттар мен мақсаттар аясында сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін күш біріктіруі аса маңызды. Осыған орай Мемлекет басшысы бірқатар басым мәселені атап өтті.

«Биыл әлемдік экономика үшін өте ауыр жыл болды. Халықаралық қоғамдастық пандемия зардабынан айығып үлгермей жатып, жаңа геосаяси және экономикалық сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Біз бүгінде әлемдегі сауда-саттықты айтарлықтай шектейтін түрлі тыйымдар, квоталар мен баж салықтары енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. ЕАЭО аясындағы ынтымақтастығымыз жаһандық үрдістерден ерекшеленетіні келешекке сенім ұялатады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қоса Мемлекет басшысы қазіргі таңда Одақ аясында жүзеге асып жатқан бірлескен жобаларға тоқталды. Президенттің айтуынша, қазіргі халықаралық ұйымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қоры 2023 жылы әлемдік экономиканың өсіміне қатысты болжамды 2,7%-ға, Дүниежүзілік сауда ұйымы 1%-ға дейін төмендеткен. Оның сөзінше, қазан айында Одақтағы инфляция деңгейі 11,5 %-ды құраған.

«ЕАЭО-ға мүше елдердегі тұтыну бағасы өсіп келеді. Мұның бәрі азаматтарымыздың сатып алу қабілеті мен әлеуметтік әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді. Белгілі санкциялық шектеулер ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет. Сондықтан елдеріміздің комиссиялары мен үкіметтері бұл мәселеге ерекше назар аударып, санкциялық шектеулердің әсерін жеңілдету жолдарын ұсынуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халықаралық экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесін екінші басымдық ретінде атап өтті. Ол енді преференциялық келісімдер жасалған серіктестермен өзара іс-әрекеттің сапасын арттыруға назар аудару маңызды екенін жеткізді.

«Одақтың сыртқы сауда саласындағы мүддесі жылдан жылға кеңейіп келеді. Енді преференциялық келісімдер жасалған серіктестермен өзара іс-әрекеттің сапасын арттыруға назар аудару маңызды. Бұл жерде Вьетнам, Сербия және Иран туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ Үндістан, Мысыр, Индонезия және Израильмен еркін сауда аймағы туралы келісімдерге қатысты жұмысты жеделдеткен жөн. Бұл жөнінде бірнеше рет айттым. Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда аймағы туралы келісім бойынша келіссөз басталғанын қолдайды. Бұл бастаманың келешегі зор әрі бүкіл «еуразиялық бестіктің» мүддесіне сай келеді деп санаймын. Енді осы процесті созбалаңға салмау маңызды», - деді ол.

Фото:akorda.kz

ЕАЭО аумағында тауарлардың тасымалдануы

Сонымен қатар Қазақстан Президенті ЕАЭО аумағы арқылы тауарлардың еркін тасымалдануын қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. «Санкциялық шараларға байланысты көлік-логистика саласында қиындықтар туындаған шақта жүк тасымалын қадағалау үшін навигациялық пломбыларды қолдану туралы келісімнің күшіне енуін жеделдету қажет деп санаймыз. Бұл шара цифрландырудың интеграциялық процестерге оң әсер етер еді. Аталған келісімде қарастырылған мемлекеттік бақылау шараларын оңтайландыру Экономикалық одақтың кәсіпкерлік және көлік-транзиттік әлеуетін едәуір арттырады. Келісімді жедел ратификациялау осы мәселені шешуге ықпал етеді деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қоса, ол Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын барлық мүше мемлекеттердің ұлттық мүддесін толық ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру туралы айтты.

«2020 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдадық. Бүгінде ЕАЭО-ға мүше елдер үкіметтері Комиссиямен бірлесіп, оны жүзеге асырып келеді. Әрине, бұл процесс бастапқыда ойлағандай тез жүріп жатқан жоқ. Мұның объективті себептері бар. Жекелеген мәселелер тараптар үшін өте өзекті. Прагматизм және әрбір қадамның жан-жақты пысықталуы жоспарланған мерзімде жүзеге асыруға деген ұмтылыстан басым болуы керек. Стратегияны барлық мүше мемлекеттердің ұлттық мүддесін толық ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру – ең дұрыс тәсіл», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан интеграцияны дамытуға мүдделі екенін тағы атап өтті. Ол Қазақстан цифрлық бағытта айтарлықтай ілгерілегенін жеткізді. БҰҰ мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстан әлемдегі цифрландырылған отыз мемлекеттің қатарына кіретінін де тілге тиек етті.

«Одақтың цифрлық күн тәртібіндегі жұмыстардың нәтижесі көрінбейді. Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай алға жылжыды. Бүгінде біз цифрландырылған отыз мемлекеттің қатарына кіреміз. Одақ ретінде біздің міндетіміз жаңа цифрлық технологиялар, крипто-экожүйелер және финтех саласында жетекші рөл атқару деп санаймын. Бұл міндетті орындауға болады. Оған қоса Ресей, Беларусь, Армения бұл салаларда тарихи тұрғыдан айтарлықтай тәжірибеге ие. Одаққа мүше елдерді осы бағыттағы жұмысты күшейтуге шақырамыз», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Еңбек миграциясы мәселесі

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек миграциясы мәселесіне де ерекше назар аудару қажет екенін айтты. Оның пікірінше, қазіргі сын-қатерлер бұл саланың маңызды екенін айқындай түседі. Ол халықтар арасында интеграцияны ілгерілетуге жағдай жасалуы қажет екенін жеткізді.

«Қазіргі сын-қатерлер бұл саланың маңызды екенін айқындай түседі. Соның ішінде жұмыс іздеу, жұмысқа орналастыру рәсімдерін жеңілдету, еңбек мигранттары мен олардың отбасыларына әлеуметтік кепілдіктер беру ісіне жаңа тәсілдер керек. Азаматтар интеграциялық жобаның пайдасын толық сезінуі керек. Тағы бір сала – туризм. Бұл бағытта Одақтың әлеуеті зор, туризмнің барлық түрі бізге қолжетімді. Комиссия үкіметтермен бірлесе отырып, осы салада маңызды әрі шынайы жобаларды әзірлей алады», - деді ол.

Мемлекет басшысы сөзі соңында Еуразиялық экономикалық одақ елдері бірлескен күш-жігердің арқасында қазіргі сын-қатерлердің салдарын табысты жойып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қоса ол қырғыз тарапын және Садыр Жапаровты Қырғызстан төрағалығының табысты аяқталуымен құттықтады. Мемлекет басшысы келесі жылы бұл мәртебелі миссия Ресей тарапына өтетінін жеткізді.

Фото:akorda.kz

Саммитте қандай шешімдер қабылданды

Жиын соңында бірқатар маңызды шешім қабылданды. Атап айтқанда, Одақтың 2023 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттары бекітілді. Сондай-ақ БАӘ-мен сауда келісімін жасау жөніндегі келіссөздерді бастау туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар Бішкекте электронды түрде көрсетілетін қызметтерге ҚҚС салық салудың жаңа тәртібі бекітілді. Жаңа ережелерге сәйкес, ЕАЭО-ға мүше елдердің аумағында электронды қызметтерді трансшекаралық сатып алу үшін салық салу сатып алушының орналасқан жері бойынша жүзеге асырылады. Яғни, қосылған құн салығы сатып алуды жүзеге асырған тұлға тұратын елдің бюджетіне түседі.

Жалпы отырыс қорытындысы бойынша ЕАЭО басшылары 15 құжатқа қол қойды.

Фото:akorda.kz

Айта кетейік, аталған саммитке Қазақстан Президентімен қатар Қырғызстан Президенті – ЖЕЭК төрағасы Садыр Жапаров, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттерден – Куба Президенті Мигель Диас-Канель, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты.

Басты сурет: akorda.kz


Соңғы жаңалықтар