ЕАДБ «Сарыарқа» газ құбырының құрылысына 102 млрд теңге бағыттайды

None
None
ТВЕРЬ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысына 102 млрд теңге бөледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір уақытта Астанаға дейінгі газ құбырының құрылысы жобасына қатысты қамданып жатырмыз. Осы жайында өткен жылы талқылаған едік. Біздің несиелік комитет бұл келісімшартты мақұлдады, енді тәжірибе жүзінде іске асыруға көшіп жатырмыз. Біз үшін оның сомасы айтарлықтай қомақты, себебі 102 млрд теңге көлеміндегі қаржы қарастырылып отыр. Шарттың талаптары күрделі, алайда оның аясында Қазақстанның даму банкімен біргеміз», - деді Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Андрей Бельянинов ІІ Еуразиялық БАҚ конгресінде.

Оның сөзіне қарағанда, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Еуразиялық даму банкінің инвестициясы көлемі 1,6 млрд АҚШ долларына жетіп, бұл көрсеткіш 2017 жылдағыдан 2,5 есеге артық болды.

«2018 жылы 29 жаңа жоба бойынша келісімшартқа қол қойылды. Өткен жылда несиелік портфель 48 пайызға өсіп, 3,4 млрд долларды құрады. Ал бүгінде оның көлемі 3,6 млрд шамасында», - деді банк басшысы.

Аталған банктің несиелік портфелінде интеграциялық жобалардың үлесі 59 пайыз деңгейінде.

Сонымен қатар ол ҚР Ұлттық банкіне өзінің алғысын жеткізді.

«ҚР Ұлттық банкі біздің банктің алдында тұрған елеулі проблемаларға түсіністікпен қарап отыр. Бұл тұрғыда ҚР Ұлттық банкі Қазақстан экономикасы мақсаттарын ерекше назарға алады. Біз бұл бағытта өзара іс-қимылдарымызды нығайтудамыз», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы желтоқсанда Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясындағы жалпы ұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сарыарқа» газ құбырының құрылысын бастауға рұқсат берді.

«Сарыарқа» магистральдық құбыры үлкен қалалардан бөлек 171 елді мекенге газ тартылады.

Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы маңы мен Қарағанды облысының 119 елді мекені және Ақмола облысының 51 елді мекені табиғи газбен кезең-кезеңімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жоба құрылысы 1690 адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде.

«Сарыарқа» газ құбырының құрылысы жоспарға сәйкес 2019 жылдың желтоқсан айында аяқталады.

Атап өтейік, құбырды төрт кезеңде салу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде Жезқазған-Қарағанды-Нұр-Сұлтан бағытындағы магистральды газ құбырының құрылысы жүргізіледі. Екінші кезеңде Нұр-Сұлтан қаласынан Көкшетауға дейін газ құбырын тарту, ал үшінші кезеңде Петропавл қаласына тарту көзделіп отыр. Соңғы кезеңде Жезқазған мен Теміртаудағы компрессорлық станциялардың құрылысы қарастырылған. Құбырдың жалпы ұзындығы 1061,3 шақырым. Жобаны іске асыруға жергілікті компаниялар мен еңбек күші тартылған.

Еуразия даму банкі 2006 жылдың 12 қаңтарында қол қойылған мемлекетаралық келісім негізінде құрылған. Банкті құру бастамасын Қазақстан мен Ресей президенттері ұсынған.

Банк мүше мемлекеттердің экономикалық өсіміне жәрдемдесуге, олардың арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және тұрақты экономикалық дамуға бағытталған халықаралық қаржы ұйымы. Банктің қатысушы-мемлекеттері: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан.

Соңғы жаңалықтар