«Е-заңнама» ақпараттық жүйесі деректерін өңдеуге робот қолданылады - Марат Бекетаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -«Е-заңнама» ақпараттық жүйесі жұмысына робот жұмылдырылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатындағы заң шығару процесін жетілдіру мәселелері жөніндегі Үкімет сағатында ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзінше, норма шығармашылығы процесіндегі ақпараттық жүйелерді дамыту бойынша 2016 жылдан бастап «Әділет» жүйесінің платформасында мемлекеттік органдардың талдамалық және әлеуметтік зерттеулерінің бірыңғай дерекқор базасы құрылды. Қазіргі уақытта зерттеу дерекқорында екі мыңнан астам зерттеулер бар. Оған мемлекеттік органдар мен ұлттық компания қызметкерлерінің қолжетімділігі қамтамасыз етілді.

«Біз осы контентті Мәжіліс пен Сенат депутаттарының және аппарат қызметкерлерінің пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету туралы хаттарға бастамашылық жасадық», -деді ол.

Сондай-ақ, министр «Е-заңнама» ақпараттық жүйесін әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да атап өтті.

«Бұл жүйе интеграция арқылы интернет ресурстардан және мемлекеттік органдардың деректер қорынан келетін үлкен деректерді өңдейді - «Big data». Болашақта осы жүйеге жасанды интеллекті робот қосу жоспарлануда. Робот адамдар үшін заң жобасы нормаларын жазбайтындығын бірден айту керек. Ол мемлекеттік органның сұрауы бойынша талдамалық деректерді өңдейді және нормативтік құқықтық актілердің жобасын әзірлеу үшін қажетті нәтиже береді», - деді Марат Бекетаев.

Соңғы жаңалықтар