Е. Ыдырысов: Қазақстан Кариб бассейні елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 22 мамырда ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов АЭФ аясындағы іс-шараларға қатысу мақсатында Астанаға сапармен келген Кариб қауымдастығы мүше мемлекеттерінің (КАРИКОМ) БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдерімен кездесті.

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар Қазақстан мен КАРИКОМ арасындағы саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық, туристік салалардағы ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ болашағы зор жобаларға бірге қатысу мүмкіндіктерін талқыға салды.

Е. Ыдырысов Кариб бассейні мемлекеттерімен өзара ықпалдастық Қазақстан үшін жаңа бағыт болып табылады және осы орайда тығыз, жан-жақты ынтымақтастық орнату негізгі мәселелердің бірі болмақ деп атап өтті.

Келіссөздер барысында Қазақстанның Кариб бассейні елдерімен халықаралық ұйымдар шеңберінде, соның ішінде БҰҰ, Америка мемлекеттерінің ұйымы және басқа да ұйымдар аясындағы ықпалдастық мәселелері қарастырылды.

Сыртқы саяси ведомство басшысы Кариб бассейні елдерінің Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне белсенді қатысады деген сенімін жеткізді.

Кездесуде Антигуа мен Барбуда, Доминика, Сент-Люси, Сент-Винсент және Гренада өкілдері мен Доминикан Республикасының тұрақты өкілі қатысты.

Кариб қауымдастығы (КАРИКОМ) (Caribbean Community - CARICOM) - 1973 жылы Чагуарамас келісіміне сәйкес Кариб еркін сауда қауымдастығының мұрагері ретінде құрылған болатын. КАРИКОМ құрамына 14 мемлекет кіреді. КАРИКОМ негізгі мақсаты - өнеркәсіп және ауыл шаруашылық салаларында күш-жігерді үйлестіру, сонымен қатар аймақтан тыс саудада бірлескен іс-әрекет жасау, Қауымдастық мүше мемлекеттерінің сыртқы саясатын үйлестіру, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және басқа да салаларда ынтымақтасу болып табылады.

Соңғы жаңалықтар