Е.Ыдырысов, Дж.Керри: Қазақстан мен АҚШ-тың стратегиялық әріптестік қатынастары жаңа деңгейге көтеріліп келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 желтоқсан күні Вашингтонда ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керридің қатысуымен стратегиялық серіктестік бойынша екіжақты комиссияның жыл сайынғы үшінші отырысы өтті, деп хабарлады ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен.

Кездесуге дейін АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Дж. Керри Қазақстанды алдағы Тәуелсіздік мерекесінің 23-жылдығымен құттықтап, екіжақты ынтымақтастықтың ауқымдылығын атап өтті. -Құрама Штаттар мен Қазақстан арасындағы байланыс біз үшін аймақтағы маңызды қарым-қатынас және біз Қазақстанға, танытқан көшбасшылығы үшін алғыс білдіреміз, - деді. Дж.Керри. Дж. Керри 1000 ауған азаматын бейбіт кәсіптерге оқыту бойынша жүзеге асырып отырған Қазақстан бағдарламасының маңызды екенін айтып, оны Ауғанстандағы мемлекеттік құрылым мен тұрақтылықтың маңызды құрамы екенін атап өтті. Келіссөз барысында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Дж.Керри Қазақстанның нығайып келе жатқан теңгерімді сыртқы саясаты мен стратегиялық әріптестігін жоғары бағалап, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өтуіне қолдау танытты. Ол АҚШ-тың Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) тезірек енуіне көмек көрсетуге ниетті екенін жеткізді. Кездесуде тараптар халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылады. ҚР СІМ басшысы Қазақстанның лаңкестік және экстремизммен күрестегі берік ұстанымын танытып, лаңкестердің өз мақсат-мүдделері үшін дін атын пайдаланатынына қарсы екендігін жеткізді. Кездесуде Украина және оның маңындағы жағдай сөз болды. Е.Ыдырысов аталған мемлекетте ұзаққа созылған шиеленіс пен санкциялық саясатты қолдану және жалпы алғанда, Қазақстанның негізгі серіктестерінің арасында нашарлап отырған қарым-қатынасқа алаңдаушылығын білдірді. Кездесуде Украиндағы жағдайды бейбіт жолмен шешудің маңыздылығы айтылды. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тараптар ғаламдық проблемаларды шешуге байланысты әріптестік, демократия, адам құқықтары, сауда, инвестиция және энергетика, Ауғанстан және аймақтағы интеграция, қауіпсіздік пен құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ ЭКСПО-2017 сияқты мәселелерге қатысты бірлескен мәлімдеме жасады.

Соңғы жаңалықтар