Е. Ыбырайымов: Ауыр атлеттеріміз үшін әзірге жаман ойлап, байбалам салудың керегі жоқ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сидней Олимпиадасының чемпионы, Бокстан «Олимпиадалық дайындау орталығы» РМК директоры Ермахан Ыбырайымов «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агентігіне сұхбат беріп, төрт жылда бір өтетін дүбірлі дода жөнінде және допинг мәселесіне байланысты өз пікірімен бөлісті.

- Олимпиада ойындарына санаулы күндер ғана қалды. Осыдан төрт жыл бұрын ойламаған нәтижемен әлемді таңғалдырдық. Қалай ойлайсыз, биыл сол жетістікті қайталауға мүмкіндігіміз бар ма?

- Адамда әрқашан үміт болу керек. Үмітпен бірге мақсат болу керек. Ал мақсатқа жету үшін үлкен еңбек керек. Қазір барлық спортшыларымыз Лондондағы жетістікті қайталау үшін барын салып жаттығып жатқаны белгілі. Олимпиада шыңын бағындыру - әр спортшының арманы. Сондықтан осыған дейінгі әлемдік ареналарда атой салып, лицензиялық бәсекелерде Рио Олимпиадасының жолдамаларын жеңіп алған саңлақтарымыз еш аянбайды деп ойлаймын. Сол үшін Рио төрінен де жоғары жетістікпен қайтамыз деген үмітте болуымыз керек. Сондай-ақ, солай болуына ел болып тілектес болғанымыз абзал...

- Сіздің ойыңызша Олимпиадада қай спорт түрлерінен көп медаль күтуге болады?

- Мен өз басым біріншіден  боксшылардан, екінші ауыр атлеттерден, үшінші жеңіл атлеттерімізден көп медаль күтемін. Қарап отырсаңыз, Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бері қатысқан Олимпиада ойындарында спорт түрлерінің ішінде бокстан бірде-бір медальсіз оралған кезі болмады. Ал ауыр атлеттеріміз соңғы Олимпиадаларда еліміздің қоржынын алтын медальдармен толықтырып келеді. Жеңіл атлеттерімізден де бір емес, бірнеше чемпиондарымыз бар. Сондықтан, осы спорт түріне көбірек үміт артып отырмын.

- Балуан елдің ұрпағымыз деп жатамыз. Балуандарымызға деген үмітіміз неге сейіліп кетті?

- Біздіңқазақ балуандарының ішінде де мықтылары бар. Барлығын теріске шығарып салуға болмайды. Лондонда Ақжүрек Таңатаров медаль алып келді. Бейжіңнен Асхат Жіткеев (дзюдодан - ред.) жүлде алды. Бірақ, Тәуелсіздік алғаннан бері қарай бір қазақ баласының күрес түрлерінің бірінен Олимпиада шыңын бағындыра алмай келе жатқаны жанымызға батып жүргені жасырын емес. Лондонда грек-рим күресінен Нұрмахан Тінәлиевке қатты үміт артып едік. Қолына Мемлекеттік туды ұстатып жібердік. Өкінішке қарай, алғашқы айналымнан аса алмай қалды. Елге келгенде қатты ұялды, қысылды. Өзін қоярға жер таппай жүрген сәтін көзіммен көрдім. Мен сол сәтін көріп қуандым. Неге? Оның намысты жігіт екенін көрдім. Басқа талай азаматтарды көріп жүрмін. Жеңіліп қалдым-ау, елдің үмітін ақтай алмадым-ау деген бір қымсынуды білмейтіндер болады. Ал Нұрмахан ондай азамат емес екеніне көз жеткіздім. Енді биыл сол жіберген есені қайтаруға барынша тырысады деген үміттемін.

- Жаңа өзіңіз медальдар саны жағынан ең көп үміт күтем деген спорт түрлерінің бірі - ауыр атлеттерімізді биыл допинг дауы әбден есеңгіретті. Тіпті, Лондонда қоржынымызға 4 алтын медаль салған төрт атлетімізді де Риоға жібермейміз деп жатыр. Бұл туралы не айтасыз?

- Менің ойымша, бұл мәселенің барлығы АҚШ және Батыс елдерінің  Ресейге қарсы қолданып жатқан санкциясының кесірінен туындап отырған сияқты. Қазір Ресей ауыр атлеттерінің дені осы мәселенің кесірінен жарыстан қағылды. Оның әсері көрші отырған бізге де келіп жетті. Міне, бұл әлемдік саяси өзгерістердің спортқа да өз әсерін тигізіп отырғандығының айқын белгісі. Негізі бұл дұрыс емес. Спорт баяғыдан бейбітшіліктің, достықтың символы болып келді. Ары қарай да солай болып қала беруі керек еді. Спортқа саясаттың керегі жоқ еді.

- Егер Илья Ильин бастаған төрт чемпионымызды Рио Олимпиадасына қатысу мүмкіндігінен айырса, ауыр атлеттерімізден биыл алтын медаль күтудің өзі артық сияқты....

- Қазір бұл ауыр атлеттеріміз туралы нақты шешім шыққан жоқ. Әлі уақыт бар. Олар өздерінің кінәсіздігін дәлелдеп, Риода Лондондағы жетістіктерін қайталауы әбден мүмкін. Сол үшін тура қазір жаман ойлап, байбалам салудың қажеті жоқ. Сабырмен қандай шешім болатынын күтейік. Құдай сақтасын, егер төртеуін бірақ Олимпиададан шеттететін болса, онда бұл ауыр атлеттеріміз үшін ғана емес, қазақ елі үшін ауыр жағдай болатыны анық. Себебі, біз осы атлеттердің әрқайсысынан бір-бір медаль күтіп отырмыз ғой. Егер төртеуі жарыстан қағылса, біз үшін бұл үлкен жоғалту болмақ.

- Ал енді өзіңіз бокстан Олимпиада чемпионы ретінде боксшыларымыз туралы айтпай кетуіңіз мүмкін емес. Биыл қай былғары қолғап шеберінен алтын күтеміз?

- Жалпы, мен боксшылардың барлығын жақсы көремін. Барлығы өзіме таныс, біліс бауырларым. Сондықтан ешкімді алалағым келмейді. Биыл тұңғыш рет боксшыларымыз толық құрамда бара жатыр. Ерлер 10 салмақ, қыздар екі салмақ. 49 келіде Біржан Жақыпов биыл үшінші олимпиадасына кетіп барады. Бұл Біржан үшін соңғы Олимпиада. Енді оған шегінерге жол жоқ. Қалайда бір медаль алады деген үміттемін. 52 келіде Олимпиадаға бірінші рет бара жатқан Олжас Сәттібаев та мықты боксшы. Есімі олжадан, тегі сәттіден басталып тұрған бауырыма сәттілік жолдас болып, олжалы оралсын дегім келеді. Ал 56 келіде Қайрат Ералиев, 64 келіде Берік Әбдірахман бар. Ал қазақтың салмағы атанып кеткен 69 келіде Данияр Елеусінов бар. Данияр ағалары үзбей жалғап келе жатқан дәстүрлі жолды жалғастырады деген үміттемін. Ал 75 келіде Жәнібек Әлімханұлы мен 81 келідегі Әділбек Ниязымбетов та медальдан үмітті боксшылар. 91 келіде Василий Левит Қазақстан тарихында тұңғыш рет жолдама жеңіп адып, Олимпиада ойындарына бірінші рет бара жатыр. Ол бұл мүмкіндікті барынша өз пайдасы үшін шешетініне күмәнім жоқ. Ал аса ауыр салмақтағы Дычко Лондондағы қоласын алтынға айырбастайды деген сенімдеміз. Екі қарындасымыз да жеңіс тұғырынан көрінуге күш салатыны анық. Сондықтан Риодан да жеңіспен ораламыз деп ойлаймын

- Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Күнсұлтан Отарбай

Соңғы жаңалықтар