E-sport ұлттық спорт тұғырнамасын енгізудің мән-жайы белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова e-sport ұлттық спорт тұғырнамасын енгізудің мән-жайын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кешенді жоспарда e-sport цифрлық тұғырнамасын енгізу көзделген. Бұл тұрғыда спорт саласын цифрландыру үшін бірегей мүмкіндік бар. Е-sport тұғырнамасы арқылы спорт күнтізбелері, бірыңғай спорттық классификация, құрама командалардың құрамдары, спортшылар мен жаттықтырушылардың, төрешілердің бірыңғай электронды базасы және басқа да негізгі құжаттар жалпыға қолжетімді болады» , - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, е-sport тұғырнамасын министрлік Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамымен бірлесіп әзірлеп, 2020 жылдың соңына дейін еліміздің өңірлерінің бірінде қанатқақты жоба ретiнде сынақтан өткізiп, іске қосуды қарастыруда.

Өз кезегінде ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Асқар Есімов ұлттық цифрлық тұғырнама кешенді жоспарды іске асыру бойынша маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Цифрлық тұғырнама үш модульді қамтып отыр. Біріншісі - спорттық шараларды басқаруға арналған, яғни спорттық күнтізбе толықтай цифрландырудан өтеді.

Екінші модуль спортшылардың, төрешілердің, бапкерлердің паспорттарын енгізуді, сондай-ақ барлық мемлекеттік қызметті электронды форматта ұсынуды ескеріп отыр.

Үшінші модуль аясында спорттық нысандар цифрландыру шараларымен қамтылып, секциялар туралы барша ақпарат тұрғындарға ұсынылады. Осы орайда бұл жүйе тұрғындар тарапынан қойылатын барлық сұрақтарға жауап береді.

Айта кетейік, Дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылға арналған кешенді жоспары әзірленді. Бұл жоспарда мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары толық ескерілiп, ҚР Премьер-Министрімен бекітілді.


Соңғы жаңалықтар