Е. Мәмбетқазиев: Жоғары білімді ғана емес, сонымен қатар бәсекеге қабілетті болу - қазіргі заман талабы (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жоғары білімді ғана емес, сонымен қатар бәсекеге қабілетті болу - қазіргі заман талабы. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық кітапханасында өзінің «Ректор айтар ақиқат» атты ғылыми монографиясының тұсаукесер рәсімінде ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан-Американ еркін университетінің президенті, химия ғылымдарының докторы Ережеп Мәмбетқазиев мәлімдеді.

«Мен өзімнің бұл кітабымда 30 жыл ректорлық қызметімде жинаған тәжірибелерімді пайдалана отырып, білім саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешу жолдарын іздестіруге тырыстым. Әріптестерімді ашық әңгімеге шақырғым келеді. Мен бизнесмен емеспін. Өмір бойы маман даярлаумен айналсып келемін. Қазір жастар үшін заман талаптарына сай болу оңай емес. 21 ғасыр әлемді өзгертті. Қазіргі жас мамандар жоғары білімді ғана емес, сонымен қатар бәсекеге қабілетті, ұшқыр бола білуі тиіс. Әйтпесе табысты болу мүмкін емес», - деді Е. Мәмбетқазиев.

Сонымен қатар ол қазіргі білім саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді алға тартты.

«Біз жас ұрпақтың алдында қарыздармыз. Оларды біз ойламасақ кім ойлайды? Талқылайтын мәселелер жеткілікті. Оған әлеуетіміз де тәжірибеміз де жетеді. Біріншіден жасалып жатқан реформаларда жүйелілік жетіспеуде. Оларды қолға алардан бұрын жүзеге асыру механизмдерін бүге-шігесіне дейін алдын ала ойластырып алу қажет.

Қазір елімізде жеке жоғары оқу орындары дамып жатыр. Бірақ есесіне студенттерге деген талап азая түсуде. Оқу орындары мен өндіріс арасындағы байланыс әлі де өз деңгейінде емес. Нарықтың талаптары ескеріле бермейді», - деді Е. Мәмбетқазиев.

Оның айтуынша, қазір жоғары оқу орындарында қағазбастылық тым көбейіп кеткен.

«Ал бұл оқытушылардың ойын бөледі, уақытын алады, оқыту сапасын арттыруға, ғылыммен айналысуға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ, профессорлық-оқытушылық құрамның еңбек ақысы да жеткілікті деңгейде емес. Сол себепті де бұл салада жоғары білікті ғылыми педагогикалық кадрлар жетіспей жатыр. Осындай себептердің салдарынан оқытушылар бір университеттен екінші университетке барып қосымша жұмыс атқаруға мәжбүр болуда. Ал бұл білім сапасына орасан зор нұқсан келтіреді. Сонымен қатар, қазір елімізде професор-оқытушылық құрамның жұмыс уақыты жылына 800-900 сағатты құрайды. Бұл өте ауыр салмақ. Шет елдерде бұдан үш есе аз. Міне осындай мәселелерге сіз болып біз болып жауап іздеуіміз қажет», - деді Е. Мәмбетқазиев.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Қазақстанның ұлттық және жетекші мемлекеттік университеттерінің ректорлары, көрнекті ғалымдар, белгілі саяси және қоғам қайраткерлері және журналистер қатысты.

Айта кетелік, Ережеп Мәмбетқазиев 1993-1995 жылдары ҚР Білім және ғылым министрі қызметін атқарған.

Соңғы жаңалықтар