Е-leаrning бағдарламасына бөлінген миллиардтаған қаржы қайда жұмсалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова e-leаrning бағдарламасына бөлінген бірнеше млрд теңге қаржының қайда жұмсалғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желіде e-leаrning бағдарламасын қаржыландыру мәселесі көтерілді. Бағдарламаны қаржыландыруға 2010-2013 жылдар аралығында қаржы бөлінген еді. Ал 2016 жылдан бастап бағдарламаны қаржыландыру толығымен тоқтатылды. Бюджеттен шамамен 36 млрд теңге жұмсалды. Оның 28 млрд теңгесін құрал-жабдықтарға, яғни интерактивті тақта, серверлік жабдыққа жұмсалған шығындар құрайды. Олар пайдаланылды және қазірде пайдаланылып жатыр. Есеп комитеті тексеру жүргізіп, қорытындысында қаражатты мақсатсыз пайдалану фактілеріне қатысты ұсыным берді», - деді ол бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, білім беру жүйесін автоматтандырумен байланысты тапсырмаларды шешу үшін шамамен 27 млрд теңге жұмсалған. Аталған қаражатқа ең алдымен, ауыл мектептеріне компьютерлер сатып алынып, жергілікті атқарушы органдарға бөлінген.

«Сонымен қатар цифрлық білім беру ресурстарының қолжетімділігі қамтамасыз етіліп, аталған трансферттер аясында жалпы білім беру мектептердің интернетке қосылуы жүзеге асырылды. Жалпы қашықтан оқытуға қатысты айтар болсам, 4-тоқсанның қорытындысы бойынша бұл мақсатқа республикалық бюджеттен де, жергілікті бюджеттен де қосымша қаржы бөлінген жоқ. Барлығы жергілікті атқарушы органдардың күшімен және мүмкіндігімен жүзеге асырылды. Бұған дейін министр айтқандай, білім беру процесінде пайдаланылған 3 мыңнан астам сабақ тегін жарық көрді. Қазіргі уақытта қолданыстағы ресурстардың барлығы да тегін әзірленген», - деді Бибігүл Асылова.


Соңғы жаңалықтар