«Е-қызмет» ақпараттық жүйесі 2023 жылдың соңында іске қосылады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі 2023 жылдың соңында іске қосылады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Берік Беркімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Жарлығы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне бірнеше мақсатты жүктеп отыр. Ол алдымен – «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің базасында мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процесін толықтай цифрландыруды, сондай-ақ оны барлық мемлекеттік органдарда енгізуді және кеңінен таратуды қамтамасыз ету. Өткен жылдың өзінде мемлекеттік қызметке келу үшін тестілеуге қатысқандардың 50 пайыздан астамы ғана оны сәтті тапсырып өткен», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, көп жағдайда тестілеу орталықтары облыс орталықтарында орналасқан. Мысалы, Қытаймен шекаралас Нарынқол ауылынан Алматы қаласына дейін 340, ал облыс орталығы Талдықорған қаласына дейін 550 шақырымнан астам жол жүру керек.

«Одан кейінгі әңгімелесу кезеңі бойынша бірнеше мәселе бар. Өткен жылы 28 мыңға жуық іріктеу бойынша конкурс жарияланса, оған 46 мыңнан астам азамат қатысып, нәтижесінде тек 15 400 үміткер мемлекеттік қызметке іріктеліп алынды. Бұл жерде де қолжетімділікке қатысты сұрақ туындайды. Мысалы, маңғыстаулық жерлесіміз Нұр-Сұлтан қаласында жарияланған әңгімелесуге қатысу үшін мыңдаған шақырым қашықтықты еңсеруі қажет. Осылайша, іріктеудің әр кезеңіне қатысу үшін көптеген азамат жол шығынын, одан бөлек күнделікті жұмысынан сұранып, бос уақытын арнауы керек. Әрине, «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызметке іріктеу процесінің барлық кезеңдерін автоматтандыру, қашықтан қатысу жоғарыда аталған мәселелерді шешетіні анық. Осы жұмыс келесі жылдың аяғына дейін аяқталады»,- деді Берік Беркімбаев.


Соңғы жаңалықтар