Е. Қазыханов бастаған делегация Ауғанстан мәселесі талқыланатын Бонн конференциясының жұмысына қатысуда - СІМ

None
None
None

АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов бастаған делегация Ауғанстан мәселесі талқыланатын Бонн конференциясының жұмысына қатысуда. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінде өткен апталық брифингте ведомствоның ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

«Бүгін Бонн қаласында Ауғанстан мәселелеріне арналған ауқымды халықаралық конференция өтуде. Оның жұмысына Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов қатысуда. Аталған конференцияға әлемнің 65 елінің сыртқы істер министрлерін қоса алғанда, жалпы саны 90-нан астам делегация атсалысып отыр. Оның қатарында ірі халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері де осы жұмысқа белсенді араласуда», - деді А. Әбибуллаев. Оның айтуынша, Ауғанстанды қалпына келтіру, елдің экономикалық және әлеуметтік күш-қуатын дамыту мәселелері Қазақстанның халықаралық саясатындағы басым бағыттарының бірі болып табылады. Ал Бонн конференциясының алдында Ыстамбұлда Ауғанстан жөніндегі конференция, Астанада Ауғанстан жөніндегі Байланыс тобының отырыстары да өткізілген еді. Сондықтан да Қазақстан аталмыш ірі конференцияға байсалды әрі жан-жақты дайындықпен қатысып отыр.

«Халықаралық басқосуда Ауғанстандағы тұрақтылықты орнату жолында бірлескен әрекеттер, осы мемлекеттің аймақтық экономикалық және саяси ынтымақтастығын қалыптастыру жолдары талқыланатын болады. Ауғанстандағы бейбіт өмірді қалыптастыру бойынша бірлескен іс-шаралар жолдары да сөз болады. Жалпы айтқанда, 2014 жылдан бастап АҚШ әскери күштерін ауған елінен әкете бастайтынын мәлімдеген. Сондықтан да, күн тәртібінде 2014 жылдан кейінгі жергілікті биліктің қуатын арттыру мәселелері де қозғалатын болады. Сондай-ақ, Бонн конференциясы аясында ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов бірқатар маңызды екіжақты және көпжақты кездесулер өткізуді де жоспарлап отыр», - дейді А. Әбибуллаев.

Соңғы жаңалықтар