Е.Алияров: Н.Назарбаев - конфессияралық қатынастың қазақстандық үлгісін жасаушы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қыздар Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің оқытушылары әлемдік аренада өзіндік орны бар, саяси имиджі қалыптасқан Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Қазақ елінің саяси-әлеуметтік, экономикалық, халықаралық дамуындағы жеткен жетістіктерін жастарға түсіндірді.

Оқу орнында өткен «Н.Ә.Назарбаев - этносаралық үйлесімділіктің қазақстандық үлгісін қалыптастырушы» атты дөңгелек үстелге Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюктура орталығының президенті, саяси ғылымдарының докторы, профессор Есенжол Алияров, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сайфолла Сапанов, Ақпараттық технологиялар университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы Дулат Қыдырбекұлы Балғабеков, "Қазақ газеттері" ЖШС директорының орынбасары Ләззат Ноғайбаева, сонымен қатар Қыздар университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты. Қазақстанның саяси-экономикалық, әлеуметтік, рухани жетістіктерін қамтамасыз еткен этносаралық және конфессияаралық қатынастарды жаңа деңгейге көтерген, еліміздегі ұлттық келісім мен толеранттық қарым-қатынастың маңыздылығын санаға жеткізуде, еліміздің ұлтаралық келісім моделін қалыптастыруда аянбай қажырлы еңбек етіп жүрген Елбасының сарабдал саясаты басқосудың негізгі арқауы болды. Шараның ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналып отырғандығын атап өтіп, жиынды ашқан қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Бибігүл Иманбекова: «Бүгінгі жиын мықты стратег, көреген басшы, әлемдік аренада өзіндік орны бар, саяси имиджі қалыптасқан Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Қазақ елінің саяси-әлеуметтік, экономикалық, халықаралық дамуындағы жеткен жетістіктерін жастарға жеткізу, түсіндіру мақсатында арнайы ұйымдастырылып отыр. Қазақстан 130-дан астам ұлт өкілдерінің басын қосқан, ұлтаралық татулықтың дінаралық консенсустың толеранттық үлгісін қалыптастырған ел. Тарихтың қиын-қыстау кезеңінде мыңдаған ұлт өкілдеріне пана болған, саялы мекен болған қасиетті қара шаңырақ. Қазақ елі - әлемге, адамзатқа ортақ жаһандық проблемалардың түйінін тарқатудың нақты жолын көрсеткен ел. Қазақ елі - әлемдегі 4-ші арсенал алып ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, ядролық қарусыздану саясатындағы көшбасшы ел. Міне, Қазақ елінің осындай ауыз толтырып айтатындай жетістіктері көп. Ол әрине, Ел Президентінің салиқалы саясатының арқасында жүзеге асып жатыр», деді. Одан әрі сөз алған Қыздар университетінің Бірінші проректоры Баходир Әлиев: «Елбасы ұстанған этносаралық келісім саясаты бүгінгі қол жеткен экономикалық-саяси мәртебеміз бен жетістіктеріміздің алғы шарты. Ендеше, ел ішіндегі татулық пен бірлік, ұлттардың өзара ынтымақтастығы мен дінаралық үйлесімділігі бүгінгі таңда да және болашақта да Қазақстан ұстанатын ішкі саясаттағы татулық пен бейбітшілік кредосы болмақ. Біз бүгінгі әлемдік саяси аренада кейбір елдерде болып жатқан ұлтаралық және дінаралық кикілжіңдерден бастап, идеологиялық және психологиялық күрес алаңына куә болып отырмыз. Ал біздің еліміз Елбасының ұстанған бейбітшіл саясатының арқасында тыныштық пен татулықта», - деп атап өтті. Басқосуда еліміздің ұлтаралық татулықтың үлгісі басқа елдерге үлгі болып отыр, деп ерекше атап өткен Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюктура орталығының президенті Есенжол Алияров: «Қазіргі таңдағы Қазақстанның егеменділік келбеті әлем елдерінің алдында айқара ашылып, әртүрлі қырларымен көзге түсуде. Мемлекет бүтіндігін дамытудың негізгі тірегі ретінде есептелетін көпэтносты мемлекет үшін бірден-бір басты сала - халықтардың бірлігі, ынтымағы, қоғамда құқықтық мемлекет принциптерін сақтай отырып, алға басу. Этносаралық қатынасты тұрақтандырушы бірден-бір кепіл - мәдениет, тіл, дін, ағарту салаларындағы этностарға аталған салалар бойынша кепілдіктер беретін мемлекетте еркіндікте өмір сүруінде деп ойлаймын. Сондықтан конфессияаралық қатынастар да этносаралық қатынастармен тығыз байланысқан, негізгі ынтымақтастықтың бастауы болып есептеледі, себебі қай ұлттың болмасын наным-сенімі оның дүниетанымының негізгі діңгегі. Осы мәселеде, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың конфессияралық қатынастың қазақстандық үлгісін жасаушы деп айтуға негіз бар», деді. Дөңгелек үстел барысында сонымен қатар «Қазақстандағы дінаралық келісім-саяси тұрақтылық кепілі», «Н.Ә. Назарбаевтың этносаралық үйлесімділікті қалыптастыру қажеттілігінің идеялық бастаулары», «Этносаралық үйлесімділіктің тарихи-философиялық негіздері және оның қазіргі заманмен сабақтасуы», «Қазақ халқының дүниетанымы этносаралық үйлесімділіктің қайнар көзі», «Қазақстан және ұлттық біртектілік мәселесі» тақырыптары сөз болып, қатысушылар Қазақстандағы этносаралық және дінаралық қатынастардың бүгінгі жағдайы, қазіргі ұлт саясаты, этносаралық қатынастардың нығаюына ықпал етіп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі, конфессиялардың жұмысы жайында ой-пікір алмасты.

Соңғы жаңалықтар