Дзюдодан ҚР Қорғаныс министрінің бірінші ашық кубогы аяқталды

None
None
АСТАНА. 21 наурыз. ҚазАқпарат - ҚР ҚМ АОСК Алматы қаласындағы оқу-жаттығу орталығы базасында дзюдодан ҚР Қорғаныс министрінің бірінші ашық кубогы аяқталды.

Жарыс Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті - Армияшылардың орталық спорт клубының спорттық іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізілді.

Аталған министрліктің мәліметінше, жарысқа еліміздің облыстары мен қалаларынан 21 команда, оның ішінде 14 ерлер және 7 әйелдер командасы, барлығы 252 спортшы қатысты. Қазақстан Қарулы Күштерінен әйелдер мен ерлерден жасақталған екі команда бақ сынады.

Командалық сынақта бірінші орынды ҚР Қарулы Күштерінің ерлер мен әйелдер құрама командалары алды. Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысы иеленсе, үшінші орынды Ақтөбе облысының дзюдошылары бағындырды.

Әйелдер арасындағы жарыста екінші орынды АОСК-2 командасы алса, үшінші орынды Павлодар қаласы мен Алматы облысының құрама командалары бөлісті.

Армияшылардан құралған құрама команда спортшылары жоғары нәтижелерге жетті. Мерзімді қызметтің қатарындағы жауынгеры Елдос Сметов (60 кг) алтын алса, ҚР ҚК спортшысы Ильяс Измагилов (66 кг) күміске ие болды. Келісімшарт бойынша қатардағы жауынгер Болатбек Жұмагериев (66 кг) қоланы иеленді. Сонымен қатар, ҚР ҚК спортшылары Елдос Жұмаханов (73 кг) пен мерзімді қызметтің қатардағы жауынгеры Құрал Самалиев (93 кг) қола жүлдегерлер атанды.

Келісімшарт бойынша қатардағы жауынгер Талғат Әміренов пен мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Сабыржан Әбілдаұлы (100 кг) жеңіс тұғырына көтерілді. Келісімшарт бойынша кіші сержант Зәмзагүл Файзолланова (78 кг) жеңіс тұғырының екінші орнына, ал ҚР ҚК спортшысы Фаиза Әділбаева (70 кг) үшінші орнына көтерілді. Келісімшарт бойынша қатардағы жауынгер Алина Тен (57 кг) мен Олеся Куценко (52 кг) алтынға ие болса, ҚР ҚК спортшылары Назгүл Құбашева (57 кг) қоланы ұтты. Жалпы алғанда, армияшылар 5 алтын, 2 күміс және 5 қола медальді иеленді.

Бұл іс-шара алдағы шілде айында Астана қаласында Қарулы Күштердің 20 жылдығы құрметіне өткізілетін Достастық армияларының Спартакиадасына қатысатын Қазақстан армиясының құрама командасын жасақтау үшін үміткер командаларды анықтады.

Соңғы жаңалықтар