Дзюдодан ҚР чемпионаты: Аралас командалық сайыс жеңімпаздары анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Астанада дзюдодан өтіп жатқан ел біріншілігінде аралас командалық сайыста жеңімпаз-жүлдегерлер белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткендей, командалық сында Атырау облысының құрамасы алтыннан алқа тақты.

Алматы облысының татами шеберлері екінші орынға көтерілсе, жамбылдықтар мен шығысқазақстандықтар қола жүлдені қанжығасына байлады.

Халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес, аралас командалық сайыста әр команда алты салмақ дәрежесі (әйелдер: -57 кг, -70 кг, +70 кг, ал ерлер -73 кг, -90 кг және +90 кг) бойынша белдесті.

Осымен 13-16 қараша аралығында өткен Қазақстан чемпионаты мәреге жетті. Оның қорытындысында жекелей біріншілікте Алматы облысының дзюдошылары 4 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен жалпыкомандалық есепте көш бастады. Маңғыстау облысының құрамасы 3 алтын, 2 күміспен екінші орынға жайғасса, қызылордалықтар 2 алтын, 3 күміс, 5 қола жүлдемен үздік үштікті түйіндеді.

Енді ел құрамасы алдағы ірі халықаралық жарыстарға қатысады.

Чемпионаттың екінші жарыс күнінде бес салмақ дәрежесі бойынша ҚР чемпиондары анықталғанын жазған болатынбыз. Кейіннен жекелей сындағы жеңімпаздар белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар