Дзюдодан Қазақстанның кезекті чемпиондары анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде дзюдодан өтіп жатқан ел чемпионатында екінші жарыс күнінің нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткендей, бес салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды.

Әйелдер арасында 57 кг салмақта маңғыстаулықтар Анна Казюлина мен Кәмшат Қарашайқызы 1-2-орынды өзара бөлісті. Гүлназ Нұрдинова (Алматы облысы) мен Аида Карчаева (Жамбыл) қола жүлдеге ие болды.


63 кг салмақта тағы бір маңғыстаулық Ақниет Тұрдан жеңімпаз атанса, атыраулық Назгүл Құбашева екінші, астаналық Алтынай Хаби мен алматылық Иоланта Бердібекова үшінші орынға көтерілді.

70 кг салмақта Алматы облысының өкілдері Аэлита Щербакова мен Мөлдір Нарынова сәйкесінше алтын мен күміс медальді жеңіп алды. Шығысқазақстандық Зере Бектасқызы мен қарағандылық Екатерина Токореваның үлесіне қола жүлде тиді.  

Ерлер арасында 73 кг салмақта күтпеген нәтиже тіркелді деуге болады. Мұнда қызылордалық Серік Ақылбек пен батысқазақстандық Аңсарбек Ғайнуллин финалға шықты. Соңғы бәсекеде С.Ақылбек жеңімпаз атанды. Ал Гран-при кезеңінің жеңімпазы, қарағандылық Жансай Смағұлов пен жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, ақтөбелік Жанболат Бағытбергенов қола жүлдені қанағат тұтты. Бұл бәсекелестіктің жоғары екендігін көрсетеді.


81 кг салмақта Жамбыл облысынан келген Саламат Жұрқабаев ешкімді шыдатпаса, маңғыстаулық Руслан Муссаев финалда ғана ұтылды. Алматылық Қажымұқан Өтеулиев пен қарағандылық Айдын Дартаев үшінші орынмен шектелді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Арыстанбек Мұхамедиұлының үздік дзюдошылар мен бапкерлерді марапаттағанын және алғашқы жарыс күнінің нәтижелерін жазған болатынбыз.

16 қараша күні мәреге жететін жарыс нәтижесінде 2019 жылы ел намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталады.

Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерлан Серікжанов, Азия ойындарының чемпионы Дидар Хамза, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг пен Азия ойындарының қола жүлдегері Гүлжан Исанова жарақатына байланысты республика біріншілігіне қатысып жатқан жоқ.

 

 

Соңғы жаңалықтар