Дзюдодан «Grand Slam» жарысына қатысатын Қазақстан құрамасы белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Жапонияның Осака қаласында дзюдодан өтетін «Grand Slam» жарысына қатысатын Қазақстан құрамасы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткендей, 23-25 қараша аралығында болатын айтулы додаға елімізден 13 дзюдошы сынға түспек.

Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта татамиге әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов, сондай-ақ биыл Әбу-Даби қаласында дәл осындай «Grand Slam» турнирінде қола жүлдегер атанған Ғұсман Қырғызбаев шығады.

66 келіге дейінгі салмақта Әбу-Дабиде екінші орынға ие болған Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмақанов белдеседі.

73 келіге дейінгі салмақта әлемдік Гран-при кезеңінің жеңімпазы Жансай Смағұлов пен Бекәділ Шаймерденов күреседі.

81 келіге дейінгі салмақта Әбу-Дабидегі «Grand Slam»-да қола жүлдеге ие болып, Ташкенттегі Гран-при кезеңінде жеңімпаз атанған Дидар Хамза жеңісті жолын жалғастырудан үмітті.

Сондай-ақ 90 келіге дейінгі салмақта Ислам Бозбаев пен Әзиз Қалқаманұлына, 100 келіге дейінгі салмақта Әділхан Қозыбаевқа үміт артылып отыр.

100 келіден жоғары салмақта Ташкенттегі Гран-придің жүлдегері Ерасыл Қажыбаев пен Ғалымжан Қырықбай ел намысын қорғайды,

Әйелдер арасында 57 келіге дейінге салмақта Севара Нишанбаева сынға түспекші.

Айта кетейік, Халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес «Grand Slam» турнирінің жеңімпазы атанған дзюдошыға әлем рейтингінде 1000 ұпай, күміс жүлдегерге - 700, ал қола жүлдегерге 500 ұпайдан қосылады.

Соңғы жаңалықтар